Сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жаңа мәлімет тарады

4341
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GGtbSqk2JorlZQ7FOPmgxR8lwXiaMgEuCQlgMudB.webp

Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған супермарафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда екені туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

«Жыланбаев сот үкімімен келіспегендіктен, тамақтан бас тартатынын мәлімдеген. Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаларға сәйкес, ол су, шай және компот ішіп, таңертең дене жаттығуларын жасап жүр. Денсаулық жағдайы – қанағаттанарлық. Ол медициналық қызметкерлердің тұрақты бақылауында. БАҚ-та тараған оның салмағы 45 келі деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген ресми орган таратқан хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Жыланбаев ҚАЖ департаменті басшылығымен, қадағалау органдары және адам құқықтарын қорғау ұйымдары өкілдерімен бірнеше мәрте жеке қабылдауда болған. Сондай-ақ оған Адам құқықтары жөніндегі уәкілден ресми түсіндіру хаты жолданған. Одан ешқандай арыз-шағым түспеген.

Марат Жыланбаев – 62 жастағы қазақстандық марафоншы, ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы әрі жүлдегері. Ол жеті бірдей Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдік рекорд орнатқан. Азия, Африка, Австралия және Америка құрлықтарында жүгіріп өткен жер бетіндегі жалғыз адам.

Саяси белсенділігімен де танымал болған Жыланбаев мәжіліс депутаттығына кандидат болып, оппозициялық партия құруға талпынған.

2023 жылдың қарашасында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны «тыйым салынған экстремистік ұйымды қаржыландырды және оның жұмысына қатысты» деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындаған. Сот процесі жабық жағдайда өткен.

Еске салайық, бұған дейін де құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Марат Жыланбаевтың есі кіресілі-шығасылы күйде жатқанын хабарлаған еді.

Комментарии