Қазақстан мен Мьянма ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты

752
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YNXxnRIxGqUenAM26E67ZvGoQMOnTuvswWRJQIUL.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кездесу барысында қос ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма басшысын ілтипатпен қарсы алып, оның Астанаға сапары екіжақты байланыстарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Президент Мьянманың бірегей мәдениеті мен дәстүрін, сондай-ақ елдің геостратегиялық маңызын атап өтті.

Кездесуде ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы, ІТ және цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мүмкіндіктері қарастырылды. Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі рөліне тоқталған Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік және Орта дәліз бағыттарын дамытуға белсенді қатысып жатқанын айтты. Осы орайда екі ел арасындағы көлік байланысын орнатудың өзектілігі ерекше аталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық келісім саясаты туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты, толеранттылық дәстүрі және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу тәжірибесі туралы айтты.

Мин Аун Хлайн Қазақстан басшысына қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, ортақ мүдделерге сай бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін растады.

Комментарии