"Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын..." Бір жылда 67 журналист қаза тапқан

287
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LyWzBnoUYKbvwjnIYiF5ipqWgWhCYJpVC3Y6EnBk.webp

Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы кәсіби қызметін атқару кезінде 67 журналистің қаза тапқанын анықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл - 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі дерек.

Қаза болғандардың басым бөлігі соғыс қимылдары мен қылмыстық топтардың әрекеттері салдарынан өмірімен қош айтысқан.

Ұйым дерегіне сүйенсек, 67 журналистің 53-і қарулы қақтығыстар аймақтарында немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардан көз жұмған. Ең қауіпті өңір ретінде Газа секторы аталып отыр. Аталмыш аймақта 29 журналист мерт болған. Одан кейінгі орында 9 журналист қаза тапқан Мексика тұр. Сондай-ақ Украина, Судан және Сирия журналистер үшін аса қатерлі аймақтар қатарында көрсетілген.

"Шекарасыз тілшілер" мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемнің 62 елінде 503 журналист түрмеде отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәл азайғанымен, жалпы жағдай әлі де күрделі күйінде қамалған.

Қамауға алынған журналистер саны бойынша Қытай көш бастады. Онда 121 журналист темір торда отыр. Одан кейін Ресейде 48, Мьянмада 47 адам, Беларусьте 33 журналист, Вьетнамда 28 және Әзербайжан елінде 25 журналист түрмеге түскен.

Сонымен қатар Ресей шетелдік журналистерді қамауға алу бойынша алдыңғы орында. Мұнда 26 украин журналисі ұсталған. Екінші орында Израиль – 20 палестиналық журналист қамауда отыр.

Бұған қоса әлем бойынша 135 БАҚ қызметкері хабар-ошарсыз кеткендер қатарында тіркелген. Олардың кейбірі отыз жылдан астам уақыт бойы табылмаған. Мұндай жағдайлар 100-ден астам елде тіркелгенімен, көбіне Таяу Шығыс пен Латын Америкасы аймақтарына тән. "Шекарасыз тілшілер" мәліметінше, журналистердің көптеп жоғалып кетуі Сирияда тіркелген. Башар Асад билігі кезеңінде жоғалған көптеген журналистің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.

Комментарии