Әлем конституциялық реформаны қалай бағалап отыр – шетелдік БАҚ-қа шолу

201
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/O7ExAJQP3JH1FQI3pKew9KEkfqn2o3dXp4cUgmWc.jpg

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын кеңінен жариялап, реформаны мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі өзгерту деп бағалап жатыр. Жарияланымдарда халық билігі қағидатын бекітуге, жекелеген түзетулерден бас тартып, жаңа Ата заң қабылдауға және саяси институттарды терең трансформациялауға ерекше назар аударылған.

«МИР 24» (Ресей):Халық – билік пен егемендіктің қайнар көзі

Ресейлік «МИР 24» телеарнасы ұсынылып отырған өзгерістердің іргелі сипатына назар аударады. Басылым назарында – халықтың биліктің жалғыз көзі әрі егемендіктің тасымалдаушысы ретіндегі норманың бекітілуі.

Материалда жаңа Конституция жобасына сәйкес Негізгі заңға кез келген өзгерістер мен толықтырулар парламенттің қатысуынсыз, тек референдум арқылы ғана қабылданатыны көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, өзгерістердің ауқымы жекелеген түзетулер емес, жаңа Конституция қабылдау туралы айтуға мүмкіндік береді.

Ұсынылып отырған өзгерістер институционалдық-құқықтық жаңғыртуға ғана емес, бүкіл мемлекеттік матрицаны түбегейлі өзгертуге, қайта жүктеуге бағытталған, – деп оның сөзін «МИР 24» келтіреді.

Сондай-ақ басылым парламентті жаңғырту жоспарларын атап өтіп, оны бір палаталы етіп, Құрылтай деп қайта атау ұсынылып отырғанын жазады.

EDnews (Әзербайжан): Жаңартылған кіріспе және өзгермейтін құндылықтар

Әзербайжандық EDnews басылымы жаңа Конституция жобасының құрылымы мен құндылықтық бағдарларына кеңінен тоқталады. Жарияланымда құжат 11 бөлім мен 95 баптан тұратыны, ал кіріспе бөлігінің толық жаңартылғаны атап өтіледі.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, кіріспеде жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан, ал адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновациялар мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танылған.

Ерекше назар конституциялық құрылыстың өзгермейтін негіздерін бекітуге аударылған.

4-бапта мемлекеттік биліктің жалғыз көзі әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені нақты көрсетілген, – деп жазады басылым.

Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және президенттік басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылғаны атап өтіледі.

«Центр событий»(Қырғызстан): Биліктің жаңа архитектурасы

Қырғызстандық «Центр событий» басылымы реформаны мемлекеттік биліктің бүкіл архитектурасын терең қайта қарау ретінде сипаттайды. Материалда бұл жекелеген түзетулер емес, елдің жаңа конституциялық құрылысы екені көрсетілген.

Басылым негізгі саяси жаңашылдықтарды егжей-тегжейлі тізбелейді:

– 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент – Құрылтай құру;
– вице-президент лауазымын енгізу;
– заң шығару бастамасы құқығы бар Халық кеңесін құру;
– президенттің өз еркімен қызметтен кету құқығын бекіту.

Жеке бөлім адам құқықтарына арналған. БАҚ «адамға бағдарланған мемлекет» қағидатының бекітілуін, өлім жазасына толық тыйым салынуын, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауды және орыс тілінің ресми мәртебесінің сақталуын атап өтеді.

Басылым бағалауынша, реформа «Әділетті Қазақстанды» құру бағытының жалғасы болып табылады және жалпыұлттық референдуммен аяқталуы тиіс.

Yeni Şafak(Түркия): Инклюзивті әрі жалпыұлттық үдеріс

Түркиялық Yeni Şafak газеті Конституция жобасын әзірлеудегі кең қоғамдық қатысуға баса назар аударады. Басылымның жазуынша, құжат азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары негізінде дайындалған.

Конституциялық комиссия құрамына елдің барлық өңірлері мен әлеуметтік топтарының өкілдері болып табылатын 130 адам кіргені атап өтіледі.

Өзгерістер саны күтілгеннен де көп болып шықты – олар саяси және әлеуметтік өмірдің көптеген қырын қамтыды, – деп жазады басылым.

Yeni Şafak сондай-ақ реформаның бастамашысы президент Қасым-Жомарт Тоқаев болғанын және бұл мәселе Ұлттық құрылтай отырыстарында талқыланғанын еске салады.

Шетелдік БАҚ-қа жасалған шолу Қазақстандағы конституциялық реформаның халық билігін күшейтуге, саяси институттарды жаңартуға және мемлекеттің құндылықтық бағдарларын бекітуге бағытталған жүйелі әрі тарихи трансформация ретінде қабылданып отырғанын көрсетеді. Көптеген басылымдар реформаның соңғы нүктесін елдің конституциялық болашағын айқындайтын жалпыұлттық референдум қоюы тиіс деген пікірде.

Комментарии
Другие материалы