Экс-ректордың "қалтасына кеткен" ғимараттың бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды

98
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SJ2bSPqRXpxowlpWZo7guVovbM5kLdHGPvT8bKkU.jpg

Алматы прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне (ҚазҰПУ) тиесілі бірқатар нысанды мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы құқық қорғау органдары жүргізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews-ке сілтеп.

Прокуратура мәліметінше, университет ғимараттарының бір бөлігі көп жыл бұрын заңсыз жекешелендірілген. Кейін бұл нысандар университеттің өзіне жалға беріліп отырғаны анықталған.

Тексеру барысында ҚазҰПУ ғимаратының 208 шаршы метрден астам бөлігі заңсыз жекешелендірілгені белгілі болды. Сот аталған мәмілелерді жарамсыз деп таныды.

Даулы нысандардың бірі – Қазыбек би көшесі, 30 мекенжайындағы №4 оқу-спорт корпусы. Жалпы аумағы шамамен 1400 шаршы метр болатын ғимарат 2003 жылы университеттің сол кездегі ректоры Тоқмұхамед Садықов пен «Фирма Зураб» ЖШС (қазіргі «ST Advisory» ЖШС) арасында жасалған келісім бойынша төмен бағамен – 5 миллион теңгеден астам сомаға сатылған.

Қазіргі бағалау бойынша нысанның құны шамамен 135 миллион теңгені құрайды. Прокуратура дерегінше, ғимаратты сату кезінде бағалау жүргізілмеген, конкурс ұйымдастырылмаған, шешім уәкілетті органмен емес, жеке қабылданған.

Сонымен қатар, ғимарат жекеменшікке өткеннен кейін университеттің өзіне жалға берілген. Соның нәтижесінде оқу орны жалдау ақысы ретінде жеке тұлғаларға шамамен 79 миллион теңге төлеген.

Бұдан бөлек, прокуратура Қонаев көшесіндегі аумағы 208,8 шаршы метр болатын павильонды да мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл нысан бұрынғы ректормен байланысты тұлғаларға төмен бағамен сатылып, кейін бірнеше рет қайта сатылып, соңында туыстарына сыйға берілген. Қазіргі таңда бұл павильонда тәулік бойы жұмыс істейтін алкоголь өнімдерін сататын орын орналасқан.

Комментарии