Соғыс биыл аяқталады деп сенемін – Украинаның Қазақстандағы елшісі

390
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5iB7iQm92PgcV2oWQyPb6Yja3MqDbNr0ohsB3DXd.jpg

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко геосаясат пен Қазақстан-Украина арасындағы екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол The Times of Central Asia басылымына берген сұхбатында 2026 жылдың шешуші кезеңге айналатынына сенім білдірді.

«Соғыс биыл аяқталады деп ойлаймын. Мен бұған шын жүректен сенемін», – деді Майко.

Айтуынша, Кремльдің ресурстары мен ішкі мүмкіндіктері таусылып келеді, ал Батыс Украинаға тұрақты түрде қолдау көрсетуде. Сонымен қатар ол Украина өз аумақтарынан өз еркімен бас тартпайтынын атап өтті, өйткені ол жерлерде украин азаматтары мен маңызды өндірістік нысандар орналасқан.

Майко қазақстандық жүк тасымалының қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды. Новороссийск маңындағы танкерлермен болған соңғы оқиғаларға байланысты елші Қазақстан украин күштерінің нысанасы емес екенін және ешқашан болмайтынын айтты.

«Украина ешқашан Қазақстан экономикасына немесе инфрақұрылымына шабуыл жасаған жоқ. Біздің соққыларымыз тек Ресейдің әскери объектілеріне бағытталған. Қазақстан – маңызды серіктесіміз»,– деді дипломат.

Ол сондай-ақ қазақстандық мұнай тасымалдаған танкерлерге қатысты оқиғалар арандатушылық немесе жақын қашықтықтан жасалған шабуыл болуы мүмкін екенін, оның Украина тарапынан жасалмағанын айтты.

Одан бөлек, Виктор Майко бүгінгі таңда Қазақстан аймақтағы басты көшбасшылардың біріне айналып отырғанын, ал IT, ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларындағы ынтымақтастық екі ел экономикасына жаңа жаһандық жағдайларға бейімделуге көмектесетінін айтты.

Комментарии