Жол ережесін бұзған Ернар Айдар куәлігінен айырылмай айыппұлмен құтылды

176
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LHocMRIYTMuez1nJs1iecOH4nvYvbAsaAjJ6Z2Vt.jpg

Әнші Ернар Айдар жол қозғалысы ережесін бұзған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Кадрларда көліктің қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны байқалады. Алайда оқиғадан кейін ол жүргізуші куәлігінен айырылмай, тек әкімшілік айыппұлмен шектелді, деп хабарлайды “Адырна”.

Полиция әншіге қатысты үш әкімшілік хаттама толтырғанын хабарлады. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оған мына баптар бойынша айып тағылған:

  • 615-бап, 1-бөлік - жаяу жүргіншілер және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың жол ережесі талаптарын орындамауы;
  • 597-бап, 1-бөлік - көлікті тоқтату немесе қою қағидаларын бұзу (оның ішінде электр қуаттау станциясы бар орындарда);
  • 601-бап, 1-бөлік - жол белгілері немесе жолақ (разметка) талаптарын сақтамау.

Осы шешім көпшіліктің күмәнін тудырды. Оқырмандардың бір бөлігі мұндай әрекет үшін жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған деп есептейді.

Еске салайық, ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігіне сәйкес, ереже бойынша тыйым салынған жағдайда қарсы жолаққа шығу 6 айға жүргізуші құқығынан айыруға әкелуі мүмкін.

Tengrinews.kz ІІМ-нен "Неге Ернар Айдарға 596-баптың 3-бөлігі қолданылмады?" деген сауал жолданған. Ведомство мәліметінше, материалдарды қарау барысында бұл бапқа сай құқықбұзушылық белгілері анықталмаған.

"Қарсы қозғалыс жолағына шығу дерегі немесе осы бапқа кіретін басқа да бұзушылықтар тіркелмеді", - деп түсіндірді ІІМ.

Жалпы айыппұл сомасы нақты айтылмады. Дегенмен хаттама қай баптармен толтырылғаны белгілі болғандықтан, айыппұлды шамалап есептеуге болады:

  • тоқтау/тұрақ ережесін бұзу - 5 АЕК;
  • жол белгілері немесе разметка талаптарын сақтамау - 3 АЕК;
  • өзге қатысушылардың жол ережесі талаптарын орындамауы - 2 АЕК.

Барлығы: 10 АЕК. 2026 жылы бұл 43 250 теңге.

Комментарии