Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарға Қазақстан Республикасының және Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік емес наградалармен марапаттауға жол берілмейді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Бұл туралы мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Вице-премьердің айтуынша, 2025 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңның 42-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Аталған түзетулерге сәйкес, қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық қорларға және өзге де үкіметтік емес ұйымдарға сыртқы түрі немесе атауы жағынан мемлекеттік наградаларға толықтай не ішінара ұқсас ордендер, медальдар, омырауға тағатын белгілер мен оларға қоса берілетін құжаттарды тағайындауға және әзірлеуге тыйым салынады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының және Президенттің атынан мемлекеттік емес марапаттар тапсыруға жол берілмейді.
Министрдің сөзінше, Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі елімізде тіркелген 20 мыңға жуық қоғамдық ұйымға тұрақты түрде талдау және мониторинг жүргізіп келеді.
Қазіргі уақытта министрлік халықаралық тәжірибені, оның ішінде ТМД елдерінің тәжірибесін зерделей отырып, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарға өзгерістер енгізу бойынша заң жобасын әзірлеуде. Жаңа нормалар қоғамдық ұйымдардың марапаттарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған.
Заң қабылданған жағдайда қоғамдық бірлестіктер Қазақстан және шетел азаматтарын тек өз ұйымына сіңірген еңбегі үшін ғана өз атынан марапаттай алады. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың марапаттарын тіркеу мәселесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркелген барлық қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық емес ұйымдармен талқыланбақ.
Депутаты «Ак жола» требуют защитить потребителей от беспредела монополистов на рынке электроэнергетики