Көкшетауда Ақ қалпақ күні атап өтілді

106
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lPZqyXE8Wk2RsJdNXqlcYaTL23jkHsdAUcvgZWuF.jpg

Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» КММ-де қырғыз халқының ұлттық бас киімі – Ақ қалпаққа арналған мерекелік іс-шара өтті. 5 наурызда атап өтілетін бұл күн қырғыз халқының ұлттық дәстүрін дәріптеп, мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған.

Мерекелік кеш «Балақай» өнер студиясының домбыра үйірмесінің орындауындағы күймен ашылды. Тоғжан Жахиннің «Дала рухы» күйі көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар LED экранда Ақ қалпақтың тарихы мен мағынасына арналған бейнеролик көрсетілді.

Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев құттықтау сөз сөйлеп, бірлік пен татулықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен бірқатар белсенді азаматтар марапатталды.

Мерекелік бағдарламада түрлі этномәдени ұжымдардың өнері ұсынылды. «Кызғалдақ» би тобы «Көчмөн» биін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанар Ахметжарова халық әні «Беу айдайды» шырқаса, «Балақай» өнер студиясының «Qadam» би тобы ұлттық биін ұсынды. Сондай-ақ
Әбдімәлік Анарбаев пен Тахмина Кеңешова қырғыздың «Маш ботой» күйін орындады.

Іс-шараның маңызды бөлігі – Ақ қалпаққа арналған арнайы көрсетілім болды. Онда қырғыз халқының қасиетті мұрасы саналатын бас киімнің шығу тарихы, оның құрылымы мен әрбір түсінің мағынасы туралы кеңінен айтылды. Ақ қалпақтың төрт бөліктен тұратын құрылымы Ала-Тоо тауларын бейнелейтіні, ал ақ киізден жасалуы оның тазалық пен қасиеттіліктің белгісі екені атап өтілді.

Кеш барысында ән мен би, күй мен сахналық қойылымдар көрермендерге ұсынылып, қырғыз халқының бай мәдениеті мен дәстүрі кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ қырғыздың көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматов шығармаларынан сахналық қойылым көрсетілді.

Шара соңында «Манас» этномәдени бірлестігінің төрағасы Закирдин Жоробеков сөз сөйлеп, этномәдени бірлестіктің белсенді мүшелеріне марапаттар табыс етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени шаралар түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайтып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге мүмкіндік береді.

Автор Аслан Оспанов.

Комментарии