Қызылордада «Амал келді, Жыл келді» атты мерекелік шара өтті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/80sBFEFxeO09AUpFQE0zKHIWGpq5bqDsEUDaltVi.jpg

14 наурыз – Көрісу күніне орай Қызылорда қаласында «Амал келді, Жыл келді» атты думанды мерекелік шара ұйымдастырылды. Қалалық мәдени-тынығу паркінің кіреберіс алаңында өткен іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, түрлі этнос өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жастар ұйымының белсенділері қатысты.

Мерекелік шараның басты мақсаты – еліміздегі бірлік пен татулықты нығайту, көпұлтты қоғам арасындағы достық пен өзара құрметті дәріптеу.

Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық дәстүрге сай бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін арнады. Бағдарлама аясында қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, арқан тартыс, қол күрес, ләңгі тебу сынды сайыстар көрермендердің қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрінен тағылымды көріністер көрсетіліп, қала өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. Ән мен күйге, ұлттық ойындарға ұласқан шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Комментарии