Атырау облысында дрон сынықтары табылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Ресеймен шекараға жақын орналасқан Атырау облысының Құрманғазы ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас зат табылды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша тексеріс басталды. Мамандар қазір нақты не табылғанын және оның қайдан келгенін анықтап жатыр.

«Ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттың табылуына байланысты уәкілетті қызметтермен бірлесіп тексеру шаралары жүргізілуде. Нысан дала аймағынан табылды, ешқандай зақым мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады полиция департаменті.

Еске сала кетейік, жуырда Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) табылған болатын. Дронның суреті әлеуметтік желілерге таралып кетті, бірақ қандай аппарат екені және кімге тиесілі екені әзірге белгісіз.

Былтыр күзде Батыс Қазақстан облысының Бөрілі ауданында белгісіз дрон жарылып, Қызылтал ауылының тұрғындары дүр сілкіндірген еді.

Ал жазда Маңғыстау өңіріне бес дрон құлаған. Сыртқы істер министрлігі сол кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр деп қысқа қайырған еді, бірақ нақты ешқандай мәлімдеме жасалмады.

Комментарии