Астанада Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына 127 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна".
Салтанатты шараға Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл күннің еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгін – Қазақстан ғалымдары үшін ерекше күн. Себебі бұл күн – қазақ ғылымының алыбы, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, ғылымның атасы Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні және Ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл – еліміздің ғылымы мен біліміне зор үлес қосқан тұлғаларды ұлықтап, ғылыми қауымдастықты дәріптейтін маңызды күн. Қаныш Имантайұлының ғылыми мұрасы мен отандық ғылымға сіңірген еңбегі – ұлттың рухани қазынасы. Оның есімі мен еңбегі ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қала береді», – деді Нұрбек.
Ведомство басшысы қазір ғылым мен технология, инновациялық даму ел экономикасын өркендетудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Мемлекет тарапынан отандық ғылымның дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп, ғалымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар іске асырылып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ ол еліміздің ғылыми дамуына үлес қосып жүрген барлық ғалымдар мен зерттеушілерге алғыс білдіріп, Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етуге келген қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар ғалым ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ғылым мен білім саласындағы өлшеусіз еңбегіне тағзым етті.
«Закон и порядок»: в Астане прошло специальное мероприятие для лиц, состоящих на учете службы пробации
