Тәуелділікпен күрестегі тиімді жол қандай?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wAWiRrZs6yQxnShMGYopyva711QAvZ4PtaLvPs3S.jpg

Фото ЖИ көмегімен жасалды

Соңғы уақытта елімізде құмар ойынға, есірткіге тәуелділер саны артып барады. Бұл құбылыс оның «жеке таңдау» ғана емес, әлеуметтік қауіп екенін көрсетті. Мемлекеттің өзі дабыл қағып бастады. Негізі тәуелділік жас талғамайтын мәселе. Бұл әр буында әртүрлі сипат алатын күрделі әлеуметтік проблема. Ал онымен күресудің тиімді тәсілі қандай? MNU Newsroom тілшісі тәуелділіктен емделген үш түрлі кезеңнің өкілдерімен кездесіп, сұқбат алды.

 

«6-сыныпта оқып жүріп, құмар ойынға тәуелді болдым»

20 жастағы Шерхан осыдан 4 жыл бұрын тәуелділіктен емделіп шыққан. “Құмар ойынға деген құштарлығым 6-сыныпта басталды. Басында досыммен қызығып, 200-500 теңге тіктім. Онлайн ойнау тез әрі оңай. Солай ойнап жүргенде қалай 5 жыл уақыт өтіп кеткенін байқамадым,”- дейді.

“Мен ер бала ретінде ата-анамнан ақша сұрамай, өзім табыс тапқым келді. Олардың үмітін ақтағым келді. Бірақ осының бәрі мені тәуелділікке алып келді”, – дейді ол.

Бастапқыда жай әуестік секілді көрінген бұл әдет кейін Шерханның санасын жаулап, ол жақындарынан, әсіресе достары мен ата-анасынан ақша сұрауды жиілеткен. Одан әрі анасынан ірі көлемде ақша ұрлағанын да жасырмайды. Шерхан көп уақытын компьютерлік клубтарда өткізген. Соның салдарынан жақындары оның құмар ойынға тәуелді бола бастағанын дер кезінде байқамаған. Қазір ол бұл кезеңді артта қалдырғанын айтады. Оңалту орталығында ем қабылдап, тәуелділікті жеңгенін өзінің маңызды жетістігі ретінде бағалайды.

“Көп адам тәуелді екенін жасырады. Ал мен керісінше, емделіп шыққанымды мақтан тұтамын. Себебі орталықта менен 10–20 жас үлкен адамдар болды. Мен ол кезде небәрі 16 жаста едім. Олардың жағдайын көріп, болашағымның қандай болатынын түсіндім. Сондықтан ең алдымен өзім үшін өзгеруге шешім қабылдадым. Ақшаны қайта табуға болады, бірақ кеткен уақыт пен жүйкені қайтару қиын”, – дейді ол.

Қазіргі таңда Шерхан кәсіби спортпен айналысады. Бүгінде ол құмар ойындарға қайта оралу туралы ойламайтынын айтты.

«Құмар ойын ойнап, 90 млн тг қарызға баттым»

 

Ал жеке оңалту орталығында ем алып жүрген 31 жастағы Әділет 90 миллион теңгеден астам қарызға батып, салдарынан басқа қалаға кетуге мәжбүр болғанын айтты. Құмар ойынға ол да Шерхан секілді әуестікпен келген. Алғашқы ставкасын 2017 жылы 5 мың теңгеден бастаған Әділет уақыт өте келе тәуелділікке қалай түскенін аңғармай қалған. Тіпті жақындарының телефондарын және бағалы заттарын ұрлауға дейін барған. Көп ұзамай бұл жағдайдан туыстары хабардар болады және Әділетке көмектесу мақсатында несиелері мен қарыздарын жауып беріпті. Алайда, сарапшылардың пікірінше, мұндай әрекет тәуелді адамға көмектесудің ең тиімсіз әрі қате жолдарының бірі.

“Жақындары көмектесемін деп көп жағдайда керісінше зиянын тигізіп жатады. Мәселен, лудоманның қарызын бірден жауып береді. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Керісінше, қарызы жабылған соң адам өзін жеңіл сезініп, қайтадан ойынға оралады,” – дейді психолог Серікгүл Сали.

Ал Әділет болса, тәуелділіктің салдары оның өмірін түбегейлі өзгерткенін айтады.

“Көп қарыз алып, Астанаға қашып кеттім. Отбасыммен шамамен 5 жыл араласпадым. Емделуге тырыстым, бірақ біраз уақыт өткен соң қайта ойнауға деген құмарлық пайда болатын,” - деп еске алады ол.

Оның айтуынша, бір жылға жуық уақыт құмар ойыннан алшақ жүрген. Алайда кейін алкогольге әуестік пайда болады. Бірақ одан да қанағат таппаған соң, қайтадан ойынға оралған. Тәуелділік күшейген кезеңде ол қарыздан қашып, бірнеше қала ауыстыруға мәжбүр болғанын да жасырмады.

“Өзімнің дертке шалдыққанымды мойындау өте қиын болды. Оңалту орталығына түспес бұрын осы жасқа дейін өз-өзіммен мұндай жұмыс жасап көрмеппін. Барлығы психологпен жұмыс кезінде, бала кезімнен бастап бүгінге дейінгі өмірімді қайта саралаған сәтте өзгерді. Бұл маған қатты әсер етті,” - дейді Әділет.

Әділеттің клиникада ем алып жатқанына шамамен 4 ай болған. Емдеу курсы аяқталған соң, ол өзі секілді құмар ойынға тәуелді жандарға қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік желіде жеке блог жүргізуді жоспарлап отыр.

«Ішімдікпен 43 жыл күрестім»

Фото ЖИ көмегімен жасалды

67 жастағы Нұрланның да алкогольге тәуелділігі 13 жаста әуестікпен басталған. Бұл әдет уақыт өте келе ушығып, өмірін астан-кестен еткен. Жақындары мен ата-анасы қанша көмектесуге, емдетуге тырысқанымен, нәтиже болмаған. Өкінішке қарай, барлық әрекет зая кеткен. Соның салдарынан денсаулығы сыр беріп, жеке бизнесінен айырылып, банкротқа ұшыраған, жанұясы тастап кеткен. Бұл ауыртпалықтарға шыдай алмаған ол өзіне қол жұмсауға дейін барғанын жасырмайды. Нұрлан емделудің түрлі тәсілдерін қолданып көргенін. Алайда олардың ешқайсысы нәтиже бермеген.

“Басқаларға көмектескен шығар. Бірақ дін де, наркологтар да, психитрлар да, психологтар да көмектесе алмады. Маған бұл әдістер мүлде әсер етпеді. Сондықтан нақты себебін айта алмаймын, оның жауабы жоқ”, - дейді ол.

Нұрлан тек соңында, осыдан 11 жыл бұрын анонимді алкоголиктер чатына қосылу арқылы белгілі бір қолдау тапқан. Сонан бері мүлдем ішімдік ішпегенін айтады. Яғни ол өзі секілді жандармен жақын араласудың арқасында өзіндегі дертке көзқарасын өзгертіп, нәтижеге жеткен.

Үш кейіпкеріміздің тағдыры үш түрлі болғанымен, оларды байланыстыратын бір ғана дүние. Олардың үшеуінде де тәуелділік бастапқыда жәй ғана әуестікпен басталып, кейін өзін тоқтата алмай қалған. Шерхан оңалтау орталығындағы ойын құрбандарының өмірін көре отырып, есін жиса, Әділет терең психологиялық терапиялар арқылы тәуелділік тұзағынан босауд. Ал аға буын өкілі Нұрлан бұл әдістерді қабылдай алмады, оған өзі секілді жандардың анонимді байланысы күш беріп, арақты мүлде тастады.

Сарапшылардың пікірінше, кейінгі жылдары тәуелділіктің тек таралуы емес, оған деген көзқарас та өзгерген. Жастар арасында бұл мәселеге деген пікірлер салыстырмалы түрде ашық. Әлеуметтік желілер мен ақпараттардың қолжетімді болуының арқасында олар терапия, психолог көмегі, онлайн кеңес сияқты мүмкіндіктерді жақсы біледі. Ал бұл тәуелділіктің қай түрі болса да психологиялық бұзылыс екенін ерте мойындауға сеп болмақ.

Мөлдір Қабыкен

Комментарии