Халық мәдениетінің қамқоршысы болған Бөкейханов

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/FXeYYtB84n1l9GWyHCo3gk4ldcxiaona9L60doev.jpg

Бүгін, 15 сәуір – мемлекет қайраткері, күйші  Ғабдол-Хәкім Бөкейхановтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Көрнекті тұлға 1896 жылы Бөкей ордасының Шоңай ауылында дүниеге келген. Ол – Бөкей ханның ұрпағы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның інісі. Ғабдол-Хәкім Нұрмұхамедұлы Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін, Мәскеудегі ауыл шаруашылығы академиясын бітірген.

1918 жылы Бөкей ордасы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 1-ші қазақ атты әскери полкін құруға тікелей қатысқан. 1919 жылы Қазақ революциялық комитетінің мүшесі ретінде Кеңес өкіметі жағына тарту мақсатында Алашорда жетекшілерімен келіссөз жүргізді. Қазақ революциялық комитетінің ұлттық кадрларды іріктеп, қызметке тағайындау комиссиясының мүшесі бола жүріп, көптеген Алаш қозғалысы қайраткерлерін Орталық атқару комитеті мен Халық кеңесі комитетіндегі жауапты қызметтерге тағайындауға көмегін тигізген. Бүкілодақтық атқару комитетінде Қазақ революциялық комитетінің өкілі болған. Ол қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілген. 1957 жылы ақталды.

Бөкейханов дәстүрлі халық мәдениетінің қамқоршысы болды. А.Затаевичке қазақтың «Шалқыма», « Қос алқа», «Мерген», «Соқыр Есжан» күйлерін, «Екі жирен», «Атырау», «Қарашаш», тағы басқа жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берген.

Комментарии