«Назарбаевтың кезінде». Депутат су қоймаларын мемлекетке қайтару ісі бойынша үндеу жасады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EfDnwnmOy8n4p7yV3JYlVOeOnGRPPqZG8ULOFMZP.jpg

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сот процестері мен су қоймаларын мемлекеттік меншікке қайтару мәселесіне бақылауды күшейту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, Конституцияда табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген қағида бекітілгеніне қарамастан, іс жүзінде су қорының бір бөлігі жекеменшікке өтіп кеткен. Мысал ретінде ол Алматы облысындағы жағдайды келтірді. Мәжілісменнің айтуынша, бірқатар істер бойынша соттар мемлекеттің ұстанымын қолдап, су нысандарын беру туралы келісімдерді заңсыз деп танып жатыр. Алайда ұқсас жағдайларда қарама-қарсы шешімдер де шығарылуда, бұл сот тәжірибесінің бірізділігіне қатысты сұрақ туғызады.

«Болат Назарбаевтың кезінде және оның көмегімен бір адамның қолына заңсыз өткен Алматы облысындағы төрт ірі су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды»,- деді Базарбек.

Сонымен қатар депутат Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтарындағы жерлерге қатысты істер бойынша сот тәжірибесі әлі де қайшылықты екенін атап өтті. Кейбір жағдайларда соттар заң бұзушылықтарды мойындаса, енді бірінде мемлекеттік органдардың талап-арыздарын қанағаттандырудан бас тартады.

Базарбек Жер және Су кодекстеріне сәйкес мұндай аумақтар жекеменшікке берілмеуі тиіс екенін, олар бойынша шешімдер де бірізді болуы қажет екенін еске салды.

«Заң бәріне ортақ, олигархтарға арналған ерекше әділдік болмауы керек», — деп атап өтті ол.

Осыған байланысты депутат бас прокурордан Іле өзені мен Қапшағай су қоймасына қатысты су қоры жерлерін қайтару істерін ерекше бақылауға алуды сұрады. Сондай-ақ ол 65 жер учаскесіне қатысты мәмілелерді жарамсыз деп тану және меншік құқықтарын жою үшін қосымша талап-арыздар беруді ұсынды.

Бұған дейін Алматыда 17 млрд теңге көлеміндегі жер телімдері мемлекеттік меншікке қайтарылған еді.

Комментарии