Түркі академиясы ортақ тарих жазуға кірісті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KwEyjDkeW0sCVVgPb8OXvG4a41bz6u0CcYPZvsaQ.webp

Бүгінде Халықаралық Түркі академиясы жүзеге асырып жатқан ең маңызды жобалардың бірі – ортақ түркі тарихын академиялық тұрғыда жазу жобасы.

Report агенттігінің Түркиядағы бюросының хабарлауынша, бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Мустафаев Анталия дипломатиялық форумының V отырысы аясында өткен «Тіл мен бірегейлік ғасыры: Баку түркітану съезінен түркі интеграциясына дейін» атты панельдік сессияда мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл мәселе алғаш рет Бірінші түркітану съезі аясында көтерілген.

«Сол съезде ең көп талқыланған мәселелердің бірі – түркі тілдеріндегі терминологияны қалыптастыру болды. Бұл бағытта Түркі академиясының ауқымды жобалары бар. Әртүрлі салалар бойынша терминологиялық сөздіктер әзірленіп, жарық көріп жатыр. Бұл сөздіктер тоғыз түркі тілін, сондай-ақ ағылшын және орыс тілдеріндегі терминдерді қамтиды. Дайындалған терминологиялық сөздіктер болашақта ортақ түркі терминологиясын қалыптастыру мен дамытуға елеулі үлес қосатын маңызды ғылыми база болып табылады», – деді Ш. Мустафаев.

Сондай-ақ, ол академия түркі әлемінің археологиялық және сәулет ескерткіштерінің кең көлемді тізімін жасап, оны үш томдық жинақ ретінде ұсынғанын айтты.

«Жалпы, бүгінде түркітану саласында жүзеге асырылып жатқан көптеген бастамалар дәл осы Бірінші түркітану съезі барысында талқыланып, қалыптасқан идеяларға негізделген. Осы тұрғыдан алғанда, ол съезд түркі әлемінің зияткерлік, мәдени және тарихи дамуына айрықша маңызды рөл атқарды», – деп атап өтті Шахин Мустафаев.

Комментарии