Швейцарияда ел халқының санын 10 миллион адамнан асырмауды көздейтін бастама бойынша жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
«10 миллион халқы бар Швейцарияға жол жоқ!» атты бастаманы оңшыл бағыттағы Швейцария халық партиясы ұсынған. Құжатқа сәйкес, ел халқының саны 2050 жылға дейін 10 миллион адамнан төмен деңгейде сақталуы тиіс.
Партия өкілдерінің айтуынша, бақылаусыз көші-қон тұрғын үй нарығына, білім беру жүйесіне, мемлекеттік қызметтер мен қоршаған ортаға қосымша салмақ түсіріп отыр. Осыған байланысты олар халық санының өсуін шектеуді ұсынады.
Ресми мәліметтер бойынша, 2025 жылдың соңында Швейцарияда шамамен 9,1 миллион адам тұрған. Оның 27 пайызы шетел азаматтары. Егер халық саны 9,5 миллионнан асса, парламент босқындарды қабылдау және отбасыларды біріктіру бағдарламаларын қайта қарауға міндеттеледі. Ал көрсеткіш 10 миллионға жеткен жағдайда елдің Еуропалық одақпен еркін жүріп-тұру жөніндегі келісімдерін тоқтату мәселесі көтерілуі мүмкін.
Алайда үкімет пен ірі бизнес қауымдастығы бастамаға қарсы шығып отыр. Олардың пікірінше, бұл шешім экономикаға кері әсер етіп, еңбек нарығында кадр тапшылығын күшейтуі ықтимал.
Сарапшылардың айтуынша, Швейцарияның денсаулық сақтау, құрылыс, ғылыми зерттеу және қонақүй бизнесі секілді маңызды салалары шетелдік жұмыс күшіне тәуелді. Мәселен, қонақүй саласындағы қызметкерлердің жартысынан астамын шетел азаматтары құрайды.
Сондай-ақ бастаманың қабылдануы Швейцарияның негізгі сауда серіктесі саналатын Еуропалық одақпен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. Өткен жылы ел экспортының жартысынан астамы ЕО мемлекеттеріне жөнелтілген.
Алдын ала жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, халық санының өсуін шектеу туралы ұсыныс көпшілік қолдауына ие болмауы мүмкін. Дегенмен референдум нәтижесі елдің көші-қон саясаты мен Еуропалық одақпен байланысына ықпал ететін маңызды шешімдердің бірі болмақ.
Министр юстиции: изменения в Конституцию повысят предсказуемость и последовательность действий государства
