Сүлейменов инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіру көзделіп отырғанын айтты

220
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1W6bdC3ulbchx7FGKRvErE8ekMck6yuE61NwVTIY.jpg

Еліміздегі инфляция өткен жылғы қыркүйектегі 13 пайызға жуық көрсеткіштен биыл мамырда 10,4 пайызға дейін баяулаған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Биыл инфляцияны 9–11% аралығында болады деп болжаймыз. 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендеттік. Дегенмен, инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр, сондықтан толық тұрақтандыру туралы айту ерте. Негізгі тәуекелдер сыртқы факторлармен байланысты, оның ішінде геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік азық-түлік бағасының өсуі әсер етеді. Ішкі тәуекелдер қатарында коммуналдық қызметтер мен жанармай бағаларының қайта көтерілуі, сондай-ақ ақша базасының ұлғаюы бар», – деді ол.

Ұлттық банк басшысының сөзінше, инфляцияны тұрақтандырудағы маңызды факторлардың бірі – фискалдық консолидация.

«Ұлттық қордан трансферттерді 2,8 трлн теңге деңгейінде шектеу – дезинфляциялық маңызды фактор. Бюджеттік консолидацияны іс жүзінде жүзеге асыру маңызды. Координацияның тағы бір бағыты – экономиканы қаржыландыру бағдарламасын теңгерімді іске асыру.

Біздің ойымызша, стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландыру қажет. Бағдарлама шикізаттық емес салаларда қосылған құнды арттыруы тиіс. Ішкі нарықта отандық өнім ұсынысының өсуі инфляцияны төмендетуге оң әсер етуі керек. Биылғы басты мақсат – инфляцияны бір таңбалы деңгейге қайтару», – деді төраға.

Сондай-ақ ол 2025 жылы инфляция ел экономикасы үшін басты сын-қатер болғанын айтты.

«Үкіметпен бірге біз инфляциялық трендті өзгертіп, баға өсімін баяулатуға қол жеткіздік. Инфляцияны тежеу үшін ақша-несие саясаты шараларынан бастап макропруденциалдық құралдарға дейін барлық тетік қолданылды», – деді Ұлттық банк басшысы.

Ұлттық банк төрағасының айтқан мәселелері маманмен болған сұхбатта кеңірек талданған.

Тақырыпты тарқату: «Инфляцияның басты себебі – импортқа тәуелділік». Шығатын жол қайсы?

Комментарии