Мәскеудің мәні қашты. Бір түнде 194 дрон шабуылдады

99
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JQjLVsQPwzLXoQ5TCYSUjHXaEJm0opejnxmWOxV1.jpg

Мәскеуге екі жүзге жуық дрон шабуылы жасалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елдің 17 өңірінде барлығы 555 дрон «ұсталып, жойылған». Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин таңғы сағат 09:00-ден кейін астана әуе кеңістігінде шамамен 194 дронның атып түсірілгенін хабарлады. Ресейдің ТАСС агенттігінің жазуынша, бұл соңғы екі жылдағы Мәскеуге жасалған ең ірі дрон шабуылдарының бірі саналады.

Шабуыл салдарынан дрон қалдықтары «Садовод» сауда орталығы аумағына құлап, ғимараттардың біріне аздаған зақым келген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ «Мега Белая Дача» сауда орталығы ғимаратында өрт шығып, нысан уақытша жұмысын тоқтатты.

Мәскеудегі Капотня ауданында орналасқан мұнай өңдеу зауыты да дрон шабуылына ұшырады. Бұл – аталған кәсіпорынға бір апта ішіндегі екінші шабуыл. Қала билігінің мәліметінше, зауыт аумағында шыққан өрт негізінен оқшауланған, зардап шеккендер тіркелмеген.

Мәскеу облысында 17 адамның зардап шеккені хабарланды.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылдарды Ресейдің украин қалалары мен елді мекендеріне жасаған соққыларына «әбден әділ жауап» деп бағалады.

Комментарии