Назарбаевқа тиесілі қордың жабылғаны белгілі болды

186
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TrHqsJMIc8qEiEcu6f2KkG612xgRPjSzMad1ry5k.jpg

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылтайшылығымен жұмыс істеген "Елбасы қоры" ресми түрде таратылды. Бұл туралы журналист Дмитрий Шишкин жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Журналистің жазуынша, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бірқатар халықаралық зерттеулерде Назарбаевтың шамамен 8 млрд долларлық активтерді өзіне қарасты қорлар жүйесі арқылы басқаратыны айтылған. Аталған активтердің қатарында банктер, қонақүйлер мен медиа компаниялар болған. Коммерциялық емес ұйым мәртебесіне байланысты бұл мүлік экс-президенттің жеке меншігі ретінде тіркелмегенімен, заң бойынша қордың құрылтайшысы активтердің тағдырына қатысты түпкілікті шешім қабылдай алады.

Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылтайшылығы көрсетілген екі жеке қор қалған. Олар – "Байтау" даму қоры мен "Нұрсұлтан Назарбаев қоры". Ал "Назарбаев қорының" құрылтайшысы туралы мәлімет 2023 жылдың қараша айынан бері электронды үкімет порталында жарияланбайды.

Ресми деректерге сәйкес, "Елбасы қоры" 2025 жылдың 9 маусымында жұмысын тоқтатқан. Бұған дейін қордың тоғыз еншілес кәсіпорны болған. Оның бір бөлігі 2023–2024 жылдары жаңа құрылтайшылардың қарамағына өткен.

Мәселен, Almaty Building Service компаниясы Astana Art Fund жеке қорына берілген. Ал Capital Invest 2021, Capital Invest Developer және Smart Investments серіктестіктері "Байтау" даму қорының басқаруына өткен. Сонымен қатар EBF Finance ұйымы басқа қорға тапсырылса, бірқатар активтер өзге компаниялар мен қорлардың иелігіне өткен.

Айта кетейік, 2025 жылдың ақпанында "Елбасы қоры" 146,6 млрд теңге салық берешегі бар ұйымдар тізімінде болған. Кейін сәуір айында қарыз көлемі 3,4 мың теңгеге дейін қысқарып, қор жабылғанға дейін борышкерлер қатарынан шығарылған.

2023 жылдың қыркүйегінде тіркелген "Байтау" даму қорының жалғыз құрылтайшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев көрсетілген. Қордың заңды мекенжайы бұрынғы "Елбасы қоры" орналасқан ғимаратпен бірдей. Ұйым құрылған уақыттан бері мемлекет қазынасына 1 млрд теңге көлемінде салық төлеген.

Ал "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" әлеуметтік және білім беру жобаларын қолдайтын ұйым ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Қорды экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева басқарады. Ресми мәлімет бойынша, ұйым 2015 жылдан бері бюджетке 17,8 млрд теңге салық аударған. Оның құрамында Тұңғыш президент музейі мен басқа да бірнеше еншілес ұйым бар.

Бұған қоса, бұған дейін "Назарбаев қоры" Jusan Technologies арқылы ірі қаржы активтерін бақылағаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін Jusan тобының активтері қайта құрылымдалып, банк акциялары жаңа меншік иелеріне өткен. Сондай-ақ қорға қатысы бар активтердің бірі ретінде Ресейдегі Азия-Тынық мұхиты банкі де аталады.

Комментарии