АҚШ-тың Иранға қарсы шабуылдары президент Дональд Трамп тоқтату туралы бұйрық бергенге дейін жалғасады. Бұл туралы Ақ үй басшысы Fox News арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мен «жетеді» дегенге дейін соққылар жалғасады. Осы аптада бомбалауды жалғастырамыз, ал келесі аптада жағдай тіпті қиындай түседі. Егер олар келіссөз үстеліне отырмаса, барлық электр станциясын істен шығарып, барлық көпірді жоямыз», — деді Трамп.
Өз кезегінде Иран әскері Таяу Шығыстағы америкалық базаларға «толық жеңіске жеткенге дейін» соққы беруді жалғастыратынын мәлімдеді.
8 шілдеден бері АҚШ Иран Ислам Республикасына қарсы бірнеше рет шабуыл жасаған болатын. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы бұл әрекеттерді Ормұз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелерге қатысты Иранның іс-қимылдарына жауап деп атады.
Бұған жауап ретінде Иран Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери базаларға соққы жасады. Ал 12 шілдеде Тегеран Вашингтон аймақ істеріне араласуын тоқтатқанға дейін Ормұз бұғазын жабатынын жариялады.
