Уганданың Капчорва округінде мектеп оқушыларын тасымалдаған автобус жол апатына ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Синьхуаға сілтеп.
Жол апатынан 21 адам көз жұмды. Қаза болғандардың жиырмасы – бастауыш сынып оқушылары.
Қайғылы оқиға Чеквати ауылында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, ел астанасындағы бастауыш мектептің оқушылары Сипи сарқырамасына экскурсиядан қайтып келе жатқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, кері қайтар жолда автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан автобус жолдан шығып кетіп, жол жиегіндегі үлкен жартасқа соғылып, аударылған.
Апат салдарынан бірнеше адам түрлі деңгейде жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Қазір құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғасының нақты себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
