Алматы мен Тебриз бауырлас қалалар атанады

113
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0oIyEJ1tzeUX4oNecX9eDYEZdz6qDYkZGuPvNIhl.jpg

Қазақстанның Алматы қаласы мен Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Тебриз қаласы жақын уақытта бауырлас қалалар мәртебесіне ие болуы мүмкін. Қазіргі таңда осыған қатысты екіжақты келісімге қол қою жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Mehr News жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы Тебриздің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Мәліметке сәйкес, Тебриз қаласының әкімі Якуб Хушьяр Ирандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Онталап Оңалбаевпен кездесуде бауырластық туралы келісімді рәсімдеу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын айтты.

Кездесу барысында қала әкімі Тебриздің тарихи, мәдени, ғылыми, өндірістік және экономикалық әлеуетіне тоқталып, елшінің сапары Қазақстан мен Иран арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Оның айтуынша, тараптар мәдениет, әлеуметтік байланыстар, экономика және көлік-логистика салаларындағы өзара әріптестікті дамытуға мүдделі.

Айта кетейік, Алматы мен Тебризді бауырлас қалалар ретінде жариялау туралы бастама алғаш рет 2016 жылы Тебриз қалалық кеңесі тарапынан көтерілген болатын. Алайда бұл ұсыныс осы уақытқа дейін іс жүзінде жүзеге асырылмаған.

Егер келісімге қол қойылса, Алматы мен Тебриз арасындағы әріптестік екі қала арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Комментарии