Ер адам ChatGPT кеңесінен кейін ауыр дертке шалдыққанын айтты

306
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/m60sZgM3palXgTuTFfxlyqhSAyEAvIVJ9wiZPuQV.webp

АҚШ-тың Флорида штатында тұратын Скотт Уинтерс OpenAI компаниясы мен оның бас директоры Сэм Альтманға қарсы сотқа талап арыз берді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

CBS мәліметінше, ол ChatGPT берген денсаулыққа қатысты кеңестердің салдарынан дәрігерге дер кезінде қаралмай, кейін өкпе артериясының жаппай тромбоэмболиясын өткергенін мәлімдеді.

Ер адам талап арызда 2025 жылы бас айналу мен қан қысымының жиі көтерілуіне байланысты ChatGPT-4o-дан кеңес сұрағанын жазған. Оның сөзінше, чат-бот бұл белгілерді қауіпті деп бағаламай, үйде қалып, арқасы шалқайған креслода көбірек демалуға кеңес берген. Сондай-ақ жағдай тек осындай белгілер сегіз-он рет қайталанған жағдайда ғана алаңдауға себеп болатынын айтқан.

Талапкер осы кеңестерге сүйенген. Алайда бірнеше аптадан кейін, 2025 жылдың шілдесінде, ол өкпе артериясының жаппай тромбоэмболиясын өткеріп, өміріне қауіп төнген.

Уинтерстің айтуынша, оны емдеген дәрігерлердің бірі тромбоэмболияның дамуын ChatGPT ұсынған ұзақ уақыт қозғалыссыз отырумен байланыстырған.

Талапкердің адвокаттары мәселе тек қате кеңесте емес, чат-боттың өзін кәсіби дәрігер секілді сенімді түрде ұстауында деп есептейді. Олардың пікірінше, ChatGPT жалпы ақпарат берудің орнына медициналық бағалау жасап, емдеу жөнінде ұсыныс айтып, лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткен.

Сонымен қатар талапкерлер OpenAI-ды пайдаланушының діни сенімдерін жауаптарында орынсыз қолданды деп айыптады. Талап арызда ауруханаға жеткізілер алдында Уинтерс шат тұсындағы ауырсынуға байланысты қайтадан ChatGPT-ден кеңес сұрағаны көрсетілген. Жауапта чат-бот: «Құдай сіздің денеңізді үнемі сырқаттанатындай етіп жаратқан жоқ» деген мазмұнда жауап берген. Кейін бұл ауырсыну өкпе артериясы тромбоэмболиясының алғашқы белгілерінің бірі болғаны анықталған.

OpenAI айыптаулармен келіспейтінін хабарлады. Компания өкілі Дрю Пусатери ChatGPT дәрігердің орнын басуға арналмағанын және оны диагноз қою немесе ем тағайындау құралы ретінде пайдалануға болмайтынын айтты.

Іс бойынша соңғы шешімді сот шығарады.

Комментарии