Алматы қаласының «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер жергілікті тұрғыннан бірнеше жыл бұрын ұрланған тегіс ұңғылы аңшы мылтығының кесілген нұсқасын анықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Тексеру азаматтық қаруды сақтау қағидаларының сақталуын бақылау аясында жүргізілген. Тіркелген аңшы мылтықтарымен қатар, шығу тегі белгісіз қару табылған. Тұрғынның айтуынша, ол қаруды биыл көктемде Іле өзені маңында аңшылық кезінде тауып алған. Кейін оны үйіне алып келіп, полицияға хабарламай, сейфте сақтап келген.
Полицияның деректер базасын тексеру нәтижесінде аталған қарудың 2018 жылы ұрланғаны және бұрын қозғалған қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде тіркелгені анықталды. Қару тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Полиция өкілдері табылған қаруды өз бетінше сақтауға немесе тасымалдауға болмайтынын еске салды. Мұндай жағдайда азаматтар дереу ішкі істер органдарына хабарлауы тиіс. Өйткені қаруды заңсыз сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
