Жарты жылда жол апатынан қаза тапқандар саны сегіз жүзден асқан

98
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8srsDV5dUtebJMGFk3LBHQb7w6113p8actG1CbR0.jpg

2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5 пайызға төмендегені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, алты ай ішінде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер саны 22 346-дан 21 007 адамға дейін азайған. Ал қаза болғандар саны 955-тен 807 адамға төмендеген. Бас прокуратура мұндай нәтижеге жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған кешенді шаралардың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау қайта жандандырылды. Сонымен қатар мопедтерді міндетті тіркеу қолға алынып, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйесі кеңейтілді.

Жыл басынан бері елімізде 15 188 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін қасақана әрі жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің қатысуымен болған. Прокуратураның мәліметінше, жаяу жүргіншілер өткелдерінде болған жол апаттарынан 5 971 адам жарақат алып, 208 адам, оның ішінде 40 бала көз жұмған. Мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен 209 адам зардап шегіп, 8 адам қаза тапқан.

Ең көп адам шығыны жылдамдықты шамадан тыс асыру мен қауіпті маневр жасаудың салдарынан тіркелген. Осы екі себеп бойынша 8 мыңнан астам адам жарақат алып, 676 адам көз жұмған.

Ведомство жол бұзақылығына қатысты жауапкершілікті күшейту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша 29 жүргізуші әкімшілік қамауға алынған.

Сондай-ақ 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуіне бақылау күшейтіледі. Егер мемлекеттік жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет болмаса, оның жүргізуші куәлігінің қолданысы уақытша тоқтатылады.

Комментарии