Құрылтай сайлауына қатысатын партиялар арасында ұлттық теледебат өтеді

117
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cMCQFvQtCQfKX6uXFrTAQhwQiDPfXRxBgwcfF9nh.jpg

Бүгін, 29 шілдеде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасында ұлттық теледебат өтеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Биыл пікірсайыс «Қазақстанның болашағы – адам капиталы» тақырыбына арналады. Теледебат алаңында жеті саяси партияның өкілдері бас қосып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ел дамуының негізгі бағыттары бойынша ұстанымдарын ортаға салады.

Пікірсайыс барысында көрермендердің сауалдары мен ұсыныстарын қабылдау үшін арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. WhatsApp пен әлеуметтік желілер арқылы жолданған сұрақтар тікелей эфирде қатысушыларға қойылады.

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Жалғас Сәдібекұлының айтуынша, биылғы ұлттық дебат бұрынғы форматтардан бірқатар жаңашылдығымен ерекшеленеді.

«Саяси партия өкілдері брендтелген автобустармен келеді. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде қолданылғанымен, елімізде алғаш рет енгізіліп отыр. Сол арқылы қоғамның саяси үдеріске қызығушылығын арттыруды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек теледебат басталар алдында партия өкілдері Этика хартиясына қол қояды. Сол арқылы заң талаптарының сақталуына, қарсыласқа құрметпен қарауға, жалған ақпарат таратпауға міндеттеледі. Оған қоса партиялардың сөйлеу кезегі рандомайзер арқылы анықталады. Яғни, ешбір тарапқа артықшылық берілмейді, барлығы кездейсоқ сандар арқылы реттеледі. Осы арқылы біз саяси доданың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етеміз»,– деді ол.

Ұлттық теледебат сағат 19:25-те «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан және арнаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі.

Комментарии