Ата-баба жазуын оқыту бағдарламасы қайта қаралады

103
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nCgRxCFY77AM0JfXljX1wi4bh0fB2Xkoe4LoVPAm.jpg

Тәжікстанның білім және ғылым министрлігі ата-баба жазуын оқыту бағдарламасын қайта қарау жұмыстарын бастады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жергілікті БАҚ дерегінше, бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды.

Мұндай шешім ел президенті Эмомали Рахмон 29 мамырда Үкімет отырысында берген тапсырмадан кейін қабылданды. Мемлекет басшысы арий тарихы мен мәдениетін зерделеу және насихаттау аясында білім беру жүйесінде парсы тілін оқытудың сапасын арттыруды тапсырған.

Білім және ғылым министрі Рахим Саидзода қазіргі таңда мамандар оқу бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді зерделеп жатқанын мәлімдеді.

Қазір ата-баба жазуы 7 және 8-сынып оқушыларына аптасына екі сағаттан оқытылады. Министрлік бағдарламаны жетілдіру мүмкіндігін қарастырып жатыр, алайда нақты өзгерістер әзірге жарияланған жоқ.

Министр бұл бастама жаңа тілді енгізуді көздемейтінін ерекше атап өтті.

«Бұл – басқа тіл емес, тәжік тілі. Тек оны осы жазу үлгісімен меңгеру қажет», – деді ол.

Өз кезегінде Тәжікстанның тіл және терминология комитетінің төрағасы Сахидод Рахматуллозода комитет қызметкерлері ата-баба жазуын еркін меңгергенін және оны насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, тәжік халқының 1200 жылдан астам жазба тарихы осы жазумен байланысты. Сондықтан ата-баба жазуын білу елдің тарихи әрі әдеби мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол бұл жазуды кез келген адам жасына қарамастан меңгере алатынын жеткізді.

Комментарии