Қазақстанда Оңтүстік Кореяның 14 азаматы ұсталды

111
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZolttLd78nWy9NvI1UUQeBRWVxixFEqkW2MZjQ8x.webp

Оңтүстік Корея бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда жүргізілген арнайы операцияға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

ҰҚК телекоммуникациялық алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 14 Оңтүстік Корея азаматының ұсталғанын хабарлаған.

ҰҚК мәліметінше, шетелдіктер ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында телекоммуникациялық жүйелер арқылы алаяқтық жасаған деген күдікке ілінген. Олар 23 шілдеде ұсталып, бұл туралы ресми ақпарат 30 шілдеде жарияланды.

Тінту барысында күдіктілер тұрған жерден компьютерлер, ноутбуктер, ұялы телефондар және заңсыз әрекеттерде пайдаланылған басқа да техникалар тәркіленген. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр. Процессуалдық шаралар аяқталғаннан кейін күдіктілер елден шығарылады.

Оңтүстік Кореяның БАҚ мәліметінше, күдіктілер Қазақстан аумағында колл-орталық ұйымдастырып, өздерін елдің Қаржылық қадағалау қызметінің (FSS) қызметкерлері ретінде таныстырып, Оңтүстік Корея азаматтарына қоңырау шалған.

Тергеу деректеріне сәйкес, олардың әрекетінен 16 адам зардап шеккен. Күдіктілер жәбірленушілерден жалпы 600 миллион воннан астам (шамамен 435–450 мың АҚШ доллары) қаражатты заңсыз иемденген.

Yonhap News агенттігінің хабарлауынша, күдіктілерді Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға депортациялау және экстрадициялау 27 шілде мен 5 тамыз аралығында кезең-кезеңімен жүргізіледі. Инчхон халықаралық әуежайына жеткізілгеннен кейін олардың барлығы қамауға алынып, тергеу, айып тағу және сот рәсімдерінен өтеді.

 

Комментарии