Тойда уағыз айтқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды

210
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zzr5djoxZSc38clMJuShlHcuRvsE9H8hyKVVuvU2.webp

Түркістан облысында өткен тойлардың бірінде дәстүрлі той форматын сынға алып, өнер иелерін «шайтанның азаншысы» деп атаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ішкі істер министрлігі ер адамның сөздерінде діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері байқалғандықтан, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Адамның ар-намысын қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді», – деп мәлімдеді ІІМ.

Министрлік өкілдері сөз бостандығы заң талаптарын бұзуға құқық бермейтінін атап өтіп, мұндай мәлімдемелердің барлығына құқықтық тұрғыдан тиісті баға берілетінін жеткізді.

Еске салайық, Түркістан облысындағы тойдан түсірілген видео әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған болатын. Жетісайдағы тойда қалыңдықтың туысы қонақтарды музыкадан бас тартуға және ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуға шақырған.

Бұған дейін бұл жағдайға Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мен ҚМДБ өкілдері де пікір білдірген еді.

Комментарии