Елімізде Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының негізгі кезеңі аяқталды. Бұл туралы бүгін, 5 тамызда Премьер-министрдің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Суасты кабелі Қазақстан жағалауына сәтті жеткізіліп, «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компаниялары жүзеге асырып жатқан жобаның ең күрделі бөлігі аяқталған. Ақтау – Сұмғайыт бағыты бойынша өтетін жаңа маршрут Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын біріктіріп, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жоғары жылдамдықпен тікелей жеткізетін дәлізге айналмақ. Жоба халықаралық байланыс сенімділігін арттырып, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.
Аталған жоба 2025 жылы басталған болатын. Мамандар инженерлік ізденістер жүргізіп, оңтайлы бағытты айқындап, кабелді сынақтан өткізген. Суасты кабелін төсеу жұмыстары 2026 жылдың шілде айында басталған.
Құрылыс тәулік бойы су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын мамандандырылған кеменің көмегімен жүргізіліп, жобаға 70 маман тартылған.
«Біз Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың ең күрделі кезеңін – Каспий теңізінің табаны арқылы кабель төсеу жұмыстарын аяқтадық. Жаңа маршрут Қазақстанның әлемдік деректерді беру желілерімен цифрлық байланысын күшейтіп, жасанды интеллект, “бұлтты” технологиялар және заманауи деректерді өңдеу орталықтарын одан әрі дамытудың негізін қалайды. Цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыта отырып, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық цифрлық көпір ретіндегі ұстанымын нығайта түсуде», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Қазіргі уақытта кабелді жағалаудағы инфрақұрылымға қосу жұмыстары жүргізілуде. Күзде жерүсті инфрақұрылымының құрылысын аяқтап, іске қосу-баптау жұмыстарын және жүйені кешенді тестілеуді аяқтау жоспарланып отыр.
Магистральды салу және оны кейіннен пайдалану жұмыстарына «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компанияларының бірлескен кәсіпорны – CaspiLink B.V. жауапты. Жоба бюджет қаражатын тартпай, операторлардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Эпидемиологическая ситуация в Акмолинской области за 8 месяцев текущего года относительно стабильная
