Нұрай Серікбайдың өлімі. Прокурор айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

272
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sMV9TsNC3uG1i3Y10gS85zrFQXhFT1oAdZSFItTq.webp

Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың өліміне қатысты 11 тамызда өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

28 жастағы Шерхан Аймаханға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған. Прокурор Мадияр Әбілқасымов жарыссөз барысында әрбір эпизод бойынша жаза тағайындауды сұрады.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы, яғни аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. 125-1-баптағы некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша екі жылға бас бостандығынан айыру, ал 115-1-баптағы сталкинг бойынша 200 сағат қоғамдық жұмыс тағайындау ұсынылды.

Мемлекеттік айыптаушы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады. Сондай-ақ сотталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды өтінді. Сотта Шерхан Аймахан тағылған айыптардың бір бөлігін мойындамайтынын айтқан. Оның сөзінше, Нұраймен қарым-қатынаста болған және оған үйленуге ұсыныс жасаған. Қайғылы оқиға болған күні ол қызбен кездесіп, қарым-қатынасты тоқтатпақ болғанын айтты.

Сотталушының нұсқасы бойынша, жанжал кезінде Нұрай оған бірінші болып пышақ қолданған. Аймахан сол сәтте аффект жағдайында болғанын және қызға өлімге әкелген жарақаттарды қалай салғанын есінде жоқ екенін айтқан. Сонымен қатар ол 2019 жылы алған бас жарақатынан кейін психикалық ауытқуы болғанын хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, тергеу барысында бұған дейін де бірқатар эпизод анықталған. 2025 жылдың күзінде сотталушы Нұрайды Алматыда алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарғаны айтылған. Кейін қыздың туыстары полицияның көмегімен оны үйіне қайтарған. Одан кейін ер адам Нұрайды аңдып, бірнеше күн ішінде оған 154-тен астам рет қоңырау шалғаны және оның Алматыдағы үйінің маңында жүргені тергеу материалдарында көрсетілген.

2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте Нұрай Серікбайдың ата-анасының үйі маңында оған пышақ жарақаттары салынған. Қыз алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Күдікті екі күннен кейін ұсталған.

Комментарии