Қазақстан EPS жүйесіне қосылды. Кореяға жұмысқа орналасу 2028 жылдан басталады

125
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/izP7uivuROspLApywklb6Jhg0EHcorVwYKjgFSpv.jpg

Қазақстан Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмыс күшін заңды түрде тартуға мүмкіндік беретін Employment Permit System (EPS) жүйесіне ресми түрде қосылды.
Корея Республикасының Үкіметі бұл шешімді 2026 жылғы 14 тамызда Шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитеттің 49-отырысында қабылдады. Осылайша, Қазақстан Кореяның Е-9 жұмысқа рұқсат беру жүйесіне қатысатын 18-ші мемлекет атанды, деп хабарлайды "Адырна".

Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін екі ел арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою, Қазақстанда корей тілінен EPS-TOPIK тестін өткізетін арнайы орталық ашу және бірқатар ұйымдастыру жұмыстарын аяқтау қажет.

Қазақстанның EPS жүйесіне қосылу жөніндегі келіссөздері 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2026 жылғы қаңтарда Кореядан келген сарапшылар делегациясы Қазақстандағы дайындық деңгейін бағалап, азаматтарды іріктеу, тілдік тестілеу, кәсіби дағдыларды тексеру, медициналық тексеру және еңбек мигранттарына Корея заңнамасы туралы ақпарат беру мәселелерін қарастырды.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан EPS жүйесіне қатысуға қажетті негізгі инфрақұрылым мен институционалдық мүмкіндіктерге ие. Оның ішінде үміткерлерді ашық әрі әділ іріктеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік және қоғамдық институттар, тіл үйрету жүйесі, медициналық тексеру инфрақұрылымы және EPS орталығын іске қосуға қажетті жағдайлар бар.

EPS жүйесінің басты ерекшелігі — азаматтарды жұмысқа орналастырудың ресми әрі ашық тәртібі. Үміткерлер делдалдар арқылы емес, мемлекеттік жүйе арқылы іріктеледі. Олар корей тілінен тест тапсырып, кәсіби біліктілігін бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді.

Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға алаяқ делдалдардан сақ болуды ескертті. Ресми рәсімдер басталғанға дейін «Кореяға жұмысқа орналастыруға» немесе іріктеуден кезексіз өткізуге уәде беретін адамдарға ақша бермеу қажет.

Тіркелу мерзімі, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеу тәртібі және басқа да рәсімдер туралы ақпарат министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.

EPS — Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін реттелген және заңды түрде тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Қазақстанның бұл жүйеге қосылуы азаматтарға белгіленген талаптар мен мемлекетаралық рәсімдер негізінде Оңтүстік Кореяда ресми жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қазақстаннан бөлек, EPS жүйесіне Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма, Лаос және Орталық Азияның Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаны қатысады.

Комментарии