Түнгі клуб маңындағы төбелес. Полиция түсініктеме берді

165
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Семей қаласындағы түнгі клубтардың бірінің жұмысына қатысты дау туындады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Мекеме қызметкерлері әлеуметтік желіде полиция тарапынан қысым көрсетіліп, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болғандарын айтқан. Ал Абай облысының полиция департаменті жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды.

Мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, жоспарланған іс-шаралар тоқтатылғанын айтты. Олардың сөзінше, қызметкерлердің барлығы жауап алуға шақырылып, мекеменің жұмысына кедергі келтірілген. Осыған байланысты ұжым Бас прокуратурадан жағдайға құқықтық баға беруді сұраған.

Абай облысының полиция департаменті бұл ақпаратты нақтылап, кәсіпкерліктің толық тоқтатылғанын жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, полиция қылмыстық іс аясында қылмыс болған жерді ғана мөрлеген.

Полицияның хабарлауынша, 22 тамыз күні сағат 04:00 шамасында мейрамхананың би алаңында белгісіз адам Астанадан келген 37 жастағы ер адамды ұрып-соққан. Соққыдан ер адам құлап, біраз уақыт ес-түссіз жатқан. Оған сол жерде болған келушілер көмек көрсеткен.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мекеме әкімшілігі полиция мен жедел жәрдем шақырмаған.

Полиция бұл нысанда қауіпсіздік мәселелері бұған дейін де болғанын атап өтті. Жыл басынан бері мекеме ішінде құқық бұзушылықтарға қатысты 15 хабарлама тіркелген. Оның ішінде екі топтық төбелес фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ведомство мәліметінше, мекеме соңғы келуші кеткенге дейін жұмыс істейді, алайда ішінде тұрақты лицензияланған күзет жоқ. Осыған байланысты полиция клуб маңына қосымша патрульдік жасақ орналастырған.

Полиция ойын-сауық орындарының иелеріне келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тиісті күзет ұйымдастыруға және төтенше жағдай кезінде полиция мен жедел медициналық көмек қызметтерін уақытылы шақыруға міндетті екенін еске салды.

Комментарии