Қарағанды облысында жастарға құқықтық қателіктің салдарын түсіндірді

161
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AsUFQ9dI0wCUKb3d48U2L4RYPPSRMSdRxiJg5Bo1.jpg

Қарағанды облысының 15 мың студенті «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» форумына қатысты. Оларға есірткі саудасынан, интернет-алаяқтықтан және дропперліктен ақша таппақ болған өз құрдастарының қылмыстық жауапкершілікке тартылған нақты оқиғалары көрсетілді. Соңғы бес жылда Қазақстанда осындай қылмыстар жасағаны үшін 21 жасқа толмаған 800 адам сотталған.

Форумның басты тақырыптарының бірі – қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік. Сонымен қатар студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткі қылмыстарының, алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу мәселелері түсіндірілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде жастардың көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына цифрлық орта, әсіресе әлеуметтік желілер барған сайын көбірек ықпал етіп келеді. Бұған жасөспірімдер айрықша бейім: тез ақша табуға деген ұмтылыс кейде оларды өрескел қателіктерге, тіпті қылмысқа дейін жетелейді. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің міндетіміз – жас ұрпақпен жауапкершілік, адалдық және заңды құрметтеу туралы олар түсінетін тілде әрі заманауи форматта сөйлесу, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қылмыстың интернет кеңістігіне барған сайын белсенді түрде ауысуы туралы облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев те айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарына мұндай қылмыстармен күресудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, жұмыс әдістерін жетілдіруге тура келеді. Ал жас мамандар бұл іске тың идеялар мен жаңа көзқарас әкеле алады.

– Қылмыстық орта ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін өз мақсатына пайдаланып отыр. Алаяқтық жасау, есірткі сату сияқты қылмыстар интернет кеңістігіне ауысты. Құқық қорғау органдары өз жұмысын қайта қарап, қылмыстарды ашудың жаңа әдістерін әзірлеп жатыр. Бұл ретте тың көзқарас пен жаңашыл тәсілдің маңызы орасан. Шығармашылық ойлау, зеректік, жаңа шешімдер таба білу – жастарға тән қасиеттер. Сондықтан сіздерге артылар үміт зор, – деді Мұрат Тілеубердиев.

Сонымен бірге форумда тек тыйым мен жаза туралы ғана сөз болған жоқ. Студенттерге жастардың түрлі дағдыларын дамытуға, жұмыс іздеуге және өз бастамаларын жүзеге асыруға көмектесетін NextUrpaq, Jas Fund және «Өзіңнен баста» жобалары таныстырылды.

– Мұндай форумдар қажет, өйткені олар жастар мен билік өкілдері арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Біз үшін бір-бірімізді тыңдау ғана емес, жастардың пікірі шын мәнінде маңызды екенін түсіну де қажет. Біз – еліміздің болашағын қалыптастыратын келесі ұрпақпыз. Сондықтан жауапты шешім қабылдауды бүгіннен бастап үйренуіміз керек. Жастармен заң, тәртіп және жауапкершілік туралы сөйлесу аса маңызды. Заң біз оны өзіміз құрметтеп, сақтаған кезде ғана толыққанды жұмыс істейді, – дейді Қарағанды медицина университетінің студенті Шапағат Құрманғазықызы.

Форум аясында Қарағанды ұлттық университетінің заң факультетінде болашақ прокурор аудиториясы ашылды. 

Мұнда «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар прокуратураның қазіргі қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.

Форум ашық әрі интерактивті форматта ұйымдастырылды. Студенттер түрлі ойындарға, ашық пікірталастар мен панельдік кездесулерге қатысып, сарапшыларға сұрақ қойды, нақты жағдайларды талқылап, өз шешімдерін ұсынды.

Форум барысында қоғамдық өмірге белсенді араласқаны, азаматтық ұстанымы, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтегені үшін бірқатар жасқа облыс әкімі мен прокурорының алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ балаларын лайықты тәрбиелеп, елдің жауапты азаматтарын қалыптастыруға үлес қосқан ата-аналарға да алғыс білдірілді.

Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында өткізілді. Форум жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қабылдайтын шешімдеріне жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталды.

Комментарии