Дүниежүзілік тазалық күні: ақмолалықтар қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосты

166
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hkdjalQUxBjzuFAol9mpIqpsvDvb64DHSGL5Fifa.jpg

Ақмола облысының он мыңдаған тұрғыны Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында ұйымдастырылған ауқымды экологиялық акцияға қатысты. Игі бастамаға қала тұрғындарымен қатар ауыл халқы да белсенді атсалысты.

Акция барысында ақмолалықтар қоғамдық аумақтарды тазалап, әлеуметтік нысандардың маңын абаттандырды. Экологиялық іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өтті.

Ақкөл қаласында өткен акцияға қатысқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов экологиялық мәдениет күнделікті өмір салтының маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.

««Таза Қазақстан» бастамасы – бұл тек көшелерді тазалау, аумақтарды абаттандыру және ағаш отырғызу ғана емес. Бұл, ең алдымен, әр адамның қоршаған ортаға, өз қаласына, ауылына және туған жеріне деген жауапкершілігі. Таза Қазақстан – бұл тек таза көшелер мен қалалар емес. Бұл – ойымыздың, ниетіміздің және ісіміздің тазалығы. Бүгінде атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін көріп отырмыз: аумақтар абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болып, қалалар мен ауылдар көркейіп келеді», – деді Марат Ахметжанов.

Экологиялық акция аясында тұрғындар көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартып қана қоймай, ауқымды көгалдандыру жұмыстарына да қатысты.

Өңірдің жасыл желек қоры қарағай, шырша, терек, қайың, үйеңкі, балқарағай, емен, жабайы алма және басқа да бағалы ағаш-бұта түрлерімен толықты. Акция барысында барлығы 5 мыңға жуық көшет отырғызылды.

Жергілікті экоактивистердің айтуынша, аумақтарды тазалау мен көгалдандыру жұмыстарын қатар жүргізу қоршаған ортаның тазалығын сақтап қана қоймай, алдағы жылдарға қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, көгалдандыру жұмыстары облыста экологиялық бағыттағы тұрақты шаралардың бірі болып отыр. Жыл басынан бері өңірде 2,8 мың гектар аумаққа 16 миллионға жуық ағаш отырғызылды.

Комментарии