Бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов сотталды

150
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ri3MPsDoA8TxZgMYyHVjCGjRnp63WbRGYywBL4MC.jpg

Алматы соты бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Істі Алматы қаласы Медеу аудандық №2 соты қарады. Сот процесі 16 қыркүйекте басталып, жабық форматта өтті.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Воронцовтың пәтерінде жүргізілген тінту барысында меткатинонның аналогы саналатын 3-CMC затының 2,44 грамы табылған. Бұл көлем аса ірі мөлшер ретінде бағаланған. Воронцов іс бойы өз кінәсін мойындамай, заттың өзіне әдейі тасталғанын мәлімдеді.

Десе де, сот оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, тінту хаттамасымен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталғанын хабарлады.

Судья Жасұлан Құсаинов бастапқыда оған орташа қауіпсіздік мекемесінде алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда кейін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң қолданылып, жаза мерзімі үштен біріне қысқартылды. Нәтижесінде Воронцов төрт жылға сотталды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Иаков Воронцов 2026 жылғы 13 ақпанда ұсталды. Полиция қызметкерлері мен арнайы бөлімше өкілдері қызметтік иттердің қатысуымен оның пәтеріне тінту жүргізіп, ұнтақ тәрізді зат тапқанын хабарлаған. Сол күні жүргізілген медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткі қолданғаны анықталғаны айтылып, әкімшілік сот оған 10 тәулікке қамау жазасын тағайындады.

Әкімшілік қамау мерзімі аяқталғаннан кейін Воронцов бостандыққа шыққан жоқ. 23 ақпанда ол қылмыстық іс аясында қайтадан жауапқа тартылып, 25 ақпанда сот оны қамауға алу туралы санкция берді. Бастапқыда оған есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау айыбымен қатар, есірткі притонын ұйымдастыру айыбы да тағылған болатын. Кейін сотқа жолданған айыптау актісінен бұл бап алынып тасталды. Оның себептері жөнінде прокуратура ресми түсініктеме берген жоқ.

Комментарии