Қазақстанның халық әртісі, композитор Бақир Баяхунов дүниеден өтті

243
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/i9OKcTocM2gJ4FijrT7RFY6y6fTTa7xS5h7CbLtJ.jpg

Қазақстанның халық әртісі, композитор, профессор Бақир Баяхунов 93 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жеткізді, деп хабарлайды "Адырна".

«Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Қазақстанның көрнекті композиторы, педагог, қоғам қайраткері, профессор Бақир Яхияұлы Баяхуновтың дүниеден өткенін терең күйзеліспен хабарлайды», делінген оқу орнының хабарламасында.

Бақир Яхияұлы Баяхунов 1933 жылы дүниеге келген. Ол Қазақ КСР халық әртісі және Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер атақтарына ие болған.

Композитор бүкіл өмірін Қазақстанның кәсіби музыка өнерін дамытуға арнаған. Алматы консерваториясын тәмамдап, кейін осы оқу орнында 40 жылдан астам сабақ берген.

Ол бірнеше буын кәсіби музыкант тәрбиелеп, отандық композиторлық мектептің дамуына елеулі үлес қосты.

Бақир Баяхунов Орталық Азиядағы дүнген ұлтынан шыққан тұңғыш кәсіби композитор болған. Ол шығармаларында еуропалық академиялық музыканы, қазақтың музыкалық мәдениетін және Шығыс халықтарының әуендерін ұштастырған.

Композитордың шығармашылық мұрасында жеті симфония, көптеген вокалдық, хор, камералық және аспаптық шығармалар бар.

«Бақир Яхияұлы Баяхуновтың дүниеден өтуі Қазақстанның музыкалық қауымдастығы үшін орны толмас қаза. Оның есімі, шығармалары мен педагогикалық мұрасы отандық өнер тарихында, әріптестері мен шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады», деп хабарлады консерватория.

Оқу орнының басшылығы, оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері марқұмның отбасына және жақындарына көңіл айтты.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі де композитордың қайтыс болуына байланысты көңіл айту хабарламасын жариялады.

«Бақир Яхияұлы бар ғұмырын музыка өнеріне арнап, отандық композиторлық мектептің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақтың музыкалық мұрасын, Шығыс халықтарының әуендерін еуропалық академиялық музыка дәстүрімен ұштастырған туындылары еліміздің рухани қазынасын байытты», делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство композитордың ұстаздық еңбегін де атап өтті.

«Ол шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өнердің қадір-қасиетін ұғындырып, шығармашылық жолда бағыт-бағдар көрсетті. Бақир Яхияұлының бай шығармашылық мұрасы, ұстаздық өнегесі мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады», деп мәлімдеді министрлік.

Комментарии