«Яндекстегі» ақау қазақстандық депутатты алаңдатты. Жеке деректер қаншалықты қорғалған?

101
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AMR4Bsbj5VFeeMwq2yJLo3KRoBd3dJjx8emEy30J.jpg

Фото:comnews.ru

«Яндекс» сервистеріндегі ақаудан кейін Қазақстанда азаматтардың дербес деректерінің сақталуы мен қорғалу мәселесі қайта көтерілді. Бұл мәселені Мәжіліс отырысында «Әділет» партиясынан сайланған депутат Ләззат Жылқыбаева қозғап, Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна".

Депутаттың айтуынша, 11 қазанда қазақстандық пайдаланушылар «Яндекс» компаниясының бірқатар қызметіне қол жеткізе алмай қалған. Компания бұл жағдайға шетелде орналасқан инфрақұрылымның жұмысындағы ақау себеп болғанын түсіндірген.

Министрлік Қазақстан азаматтарының дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, сервистердің кейбір құрамдас бөліктері шетелде орналасқанын да растаған. Осыған байланысты депутат пайдаланушылардың жеке мәліметтері қай мемлекетте және қандай құқықтық талаптар негізінде өңделетінін нақтылау қажет деп санайды.

«Азаматтардың телефон нөмірлері, мекенжайлары, қозғалыс бағыттары мен төлем деректерін күнделікті өңдейтін сервистің шетелдегі инфрақұрылымдағы ақауға байланысты тоқтауы деректердің қайда және қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтау қажеттігін көрсетеді», – деді Ләззат Жылқыбаева.

Депутат көтерген тағы бір мәселе – азаматтардың жеке мәліметтерінің ашық қолжетімділікке шығып кетуі.

Оның мәліметінше, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің дербес деректерін жариялаған. Ал Семей қаласында қызметкерлердің мәліметтерімен бірге 344 кәмелетке толмаған баланың жеке ақпараты да ашық қолжетімді болған.

Жылқыбаева бұл жағдайларда ақпаратты алу үшін ақпараттық жүйелерді бұзудың қажеті болмағанын атап өтті. Оның сөзінше, азаматтардың мәліметтерін қорғауға міндетті мекемелердің өздері ақпараттың жария болып кетуіне жол берген.

Депутат азаматтар мемлекеттік қызметтерді пайдаланғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде немесе балаларын мектепке орналастырғанда жеке мәліметтерін түрлі ұйымдарға ұсынатынын еске салды. Алайда одан кейін бұл ақпаратқа кімнің қол жеткізетіні, қандай мақсатта пайдаланылатыны және оның сақталуы қалай бақыланатыны маңызды сұрақ болып қала береді.

Әсіресе балалардың деректеріне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Өйткені олардың тұрғылықты мекенжайы, оқитын мектебі, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы жеке қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

Депутат қандай шаралар ұсынды?

Ләззат Жылқыбаева дербес деректерді қорғау саласындағы бақылауды күшейту үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін мәлімдеді.

Оның ұсыныстары мыналарды қамтиды:

  • 11 қазандағы оқиғаға байланысты дербес деректерді шекарааралық беру талаптарының заңдылығын тексеру;
  • әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың жеке мәліметтерді жинау тәртібінің заңға сәйкестігін анықтау;
  • жалпыға қолжетімді ресурстарда жарияланбауы тиіс деректерді бүркемелеу жөніндегі заң талаптарының орындалуын тексеру;
  • осы салада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеу;
  • дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімділігін қамтамасыз ету.

Депутаттың пікірінше, аталған шаралар жеке ақпараттың заңсыз таралуына жол бермеуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталуы керек.

Еске салсақ, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында іркілістер байқалған. Компанияның түсіндіруінше, оның технологиялық қызметтері әртүрлі елдерде орналасқан компоненттерден тұратын бөлінген есептеу инфрақұрылымына тәуелді. Ақауларға байланысты Uber сервисінің қазақстандық пайдаланушылары да шағымданған. 2023 жылдан бері аталған сервистің жалғыз иесі – «Яндекс» компаниясы.

Бұған дейін ресейлік РБК басылымы 8 қазанға қараған түні дрондар шабуылынан кейін Рязань облысындағы Сасово қаласында орналасқан «Яндекс» деректер орталығында өрт шыққанын хабарлаған. Басылым деректеріне сәйкес, нысанның жұмысы толығымен тоқтаған.

Сондай-ақ 9 қазанда Калугадағы компанияның деректер орталығына дрондар шабуыл жасап, бірнеше модуль істен шыққаны айтылған. Компания қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдегенімен, жабдықтардың жұмысын қалпына келтіру мерзімін нақтылау қиын екенін жеткізген.

Комментарии