Таяуда Бішкекте өткен ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия медиа конференциясында журналистер, заңгерлер, оқытушылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері цифрлық дәуірдің басты сауалына жауап іздеді. Жаңалықтар күн санап платформалар мен жасанды интеллектінің қатысуымен жазылып, таралуда. Мұндай жағдайдв ақпаратқа деген сенімді қалай сақтауға болады?
Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Моңғолиядан келген 120-дан астам қатысушы Бішкекте өткен 26-шы Орталық Азия медиа конференциясына жиналды. ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілінің бюросы ұйымдастырған форум «Ортақ шындықты қалыптастыру: цифрлық дәуірдегі ақпараттың шынайылығы, медиаэтика және сенім» тақырыбына арналды. Талқылау жаңа технологиялар мәселесінің аясынан асып, әлем туралы қоғамдық түсінікті қалыптастыратын ақпарат үшін адамның жауапкершілігіне баса назар аударылды.
Конференцияны Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Браату, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Маметалиев және ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Бағдарламалық кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт ашты.
Ян Браату ақпараттық ортаның түбегейлі өзгергеніне назар аударды. Адамдар жаңалықтарды дәстүрлі жаңалықтар мен газеттерден гөрі әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар және мессенджерлер арқылы көбірек біле бастады. Технологиялар контентті өндіру мен таратуды жеделдеткенімен, оның шығу тегі мен шынайылығын тексеруді қиындатады. Сондықтан кәсіби стандарттар, редакциялық шешімдердің ашықтығы және журналистерді цифрлық ортада жұмыс істеуге даярлау жай формалдық талап емес, қоғам сенімінің маңызды шартына айналып отыр.
Қатысушылар баспасөз жөніндегі тәуелсіз кеңестерді, шағымдарды қарау тетіктерін және редакциялардың жауапкершілігін талқылады. Бұл өзін-өзі реттеу институттары енді журналистік этиканың дәстүрлі мәселелерімен ғана шектелмей, жарияланымдарды алгоритмдік ілгерілету, генеративті модельдерді пайдалану, синтетикалық контентті тарату және бұқаралық ақпарат құралдарының ірі платформалар ережелеріне тәуелділігі сияқты жаңа сын-қатерлерге де жауап беруге тиіс.
ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі бюросының ірі технологиялық платформалар мен жасанды интеллект дәуіріндегі БАҚ бостандығы туралы нұсқаулығын енгізу жөніндегі өңірлік жол картасы жеке тақырып ретінде қаралды. Қазақстандық Құқықтық медиа-орталықтың тең құрылтайшысы әрі Media Qoldau заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова журналистер мен қоғамдық ұйымдар күн сайын кездесетін қиындықтарды атап өтті. Олардың қатарында аккаунттардың бұғатталуы, жарияланымдардың өшірілуі, платформалар шешімдерінің ашық болмауы және шағым беру рәсімдерінің күрделілігі бар.
Түрікменстан Жоғарғы сотының өкілі Сердар Агаев бұқаралық ақпарат құралдарының орнықтылығын қамтамасыз ету және платформаларды реттеудің ұлттық тәсілдерін әзірлеу үшін халықаралық тәжірибенің өзекті екенін атап өтті. Мемлекеттік құрылымдар, редакциялар мен азаматтық қоғам өкілдері соңғы бір жылдағы заңнамалық, экономикалық және технологиялық өзгерістерді жеке-жеке емес, олардың медиаплюрализмге, сенімді ақпаратқа қол жеткізуге және аудитория сеніміне ықпалы тұрғысынан қарастырды.

Конференцияның практикалық күн тәртібі журналистік дереккөздерді, деректер мен коммуникацияларды қорғау, сондай-ақ киберқауіптерге ден қою мәселелерін қамтыды. Әйел журналистерге қатысты онлайн-қудалау мен зорлық-зомбылыққа ерекше назар аударылды. Қатысушылар ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің журналистер қауіпсіздігі туралы № 3/18 шешімін өңір елдерінің тілдеріне аудару мәселесін де талқылады. Мұндай аударманың мәні тілдік жұмыспен ғана шектелмейді. Ол халықаралық міндеттемелерді редакциялар, құқық қорғаушылар және мемлекеттік органдар үшін түсініктірек әрі қолжетімді етеді.
Бұл бағыттар бойынша Тәжікстан атынан медиа ұйымдардың басшылары, заңгерлер және цифрлық орнықтылық мамандары қатысты. «Хома» үкіметтік емес ұйымының директоры Шахло Акобирова ірі платформалар мен жасанды интеллект ықпалындағы БАҚ бостандығын талқылауға қатысты. Тәжікстан тәуелсіз БАҚ ұлттық қауымдастығының төрағасы Нуриддин Каршибоев ақпараттық ортаның заңнамалық, экономикалық және технологиялық сын-қатерлері туралы айтты. «Хома» үкіметтік емес ұйымының медиа заңгері Ранжет Ятимов журналистер қауіпсіздігі жөніндегі пікірталасқа, ал тәуелсіз сарапшы Рустам Гулов цифрлық қауіпсіздік бойынша практикумға қатысты.
Жасанды интеллектіні қолданып жүрген редакциялардың тәжірибе алмасуы конференцияның мазмұнын арттырды. Түрікменстандық Arzuw News басылымының негізін қалаушы Азат Сеитмухаммедов төрт адамнан тұратын редакцияның тілдік модель көмегімен 16–17 мың жаңалықтан құралған мұрағатты ағылшын тіліне қалай аударғанын баяндады. Бұдан бөлек, команда бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік сайттарды бақылап, Telegram үшін қысқаша шолулар әзірлейтін мониторинг жүйесін іске қосқан. Соған қарамастан, бірде-бір аударма редактордың мақұлдауынсыз жарияланбайды. Нәтиже сапалы болған күннің өзінде фактілерді, сандарды және есімдерді жеке тексеру қажет.
Kaktus Media директоры Дина Маслованың айтуынша, редакция жасанды интеллектіні ең алдымен сұхбаттарды мәтінге түсіру және көлемді материалдарды әлеуметтік желілерге бейімдеу үшін қолданады. Алайда қырғыз тіліне жасалған аудармалар елеулі өңдеуді қажет етеді, ал редакция автоматты дыбыстау мен кескін генерациясына сақтықпен қарайды. Маслова бұған қоса, бірден байқала бермейтін қауіпке назар аударды: интеллектуалдық жұмысты үнемі машинаға тапсыру адамның кәсіби дағдыларын әлсіретуі мүмкін.
«Шын мәнінде, адам миы ой еңбегіне бейім. Егер ой еңбегін технологияға сеніп тапсыра берсек, ойлау қабілетіміз әлсіреуі мүмкін. Ойланудан ада уақыт журналистердің шығармашылығын арттырады деп ойламаймын», - деді Дина Маслова. Осылайша ол технологияғы үнемдеген уақыт журналистердің шығармашылық әлеуетін автоматты түрде арттырады деген пікірмен келіспейтінін білдірді.
SDU университетінің оқытушысы Асхат Еркімбай мұны «тиімділік тұзағы» деп атады: технология уақыт үнемдеуге уәде бергенімен, оның едәуір бөлігі жасалған нәтижені тексеруге жұмсалады. Сонымен қатар ол пайдалы құралдардың шағын командалар үшін де қолжетімді болатынын көрсетті. Оның әзірлеген үш тілдегі өңірлік жаңалықтарды бақылауға арналған «радардың» айлық шығыны шамамен екі долларды құрайды.
Еркімбай тілдік теңсіздікке назар аударды. Модельдер Орталық Азия елдерінің мемлекеттік тілдерін әзірге ағылшын және орыс тілдеріне қарағанда нашар түсінеді. Демек, қателер технологияның жетілмегендігінен ғана емес, ұлттық тілдердегі сапалы деректер көлемінің жеткіліксіздігінен туындауы мүмкін. Сондықтан өңір редакциялары жергілікті тілдердегі мәтінді ерекше мұқият тексеруге тиіс.
Тәжікстандық заңгер, цифрлық құқықтар және цифрлық әл-ауқат жөніндегі маман Хуршед Курбоншоев уақыт өте аудитория бірсарынды синтетикалық контенттен жалығуы мүмкін деп пайымдады. Оқырман тіпті қысқа хабарламаның өзінен адамға тән автордың үнін, тәжірибесі мен жауапкершілігін іздейді. Оның пікірінше, редакциялар өзіндік қолтаңбасын сақтауы, ал журналистер мәтінмен, визуалды контентпен және цифрлық құралдармен жұмысты ұштастыратын конвергентті дағдыларын дамытуы қажет.
Редакцияның жасанды интеллект жөніндегі саясаты сервистерді жай ғана рұқсат етуге немесе тыйым салуға тірелмеуі керек. Әрбір редакция қандай операцияларды автоматтандыруға болатынын, қандай деректерді сыртқы жүйелерге жүктеуге болмайтынын, синтетикалық контентті қалай белгілеу керектігін, нәтижені кім тексеретінін және жарияланған материал үшін кім жауап беретінін анықтауға тиіс.
Университеттер мен редакциялар арасындағы байланыс талқылаудың тағы бір маңызды бағыты болды. Өзбекстандық профессор әрі ekolog.uz басылымының бас редакторы Наргис Қосимова теория мен практика арасындағы алшақтықты қысқарту, журналистік білім беруді жаңарту және оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық шекараларын қатар талқылау қажет екенін атап өтті. Болашақ журналист үшін сервисті қолдануды үйрену жеткіліксіз. Деректердің қайдан алынғанын түсініп, ықтимал бұрмалауларды байқай білуі және материалдың қалай жасалғанын аудиторияға түсіндіре алуы керек.
Жасанды интеллектіні қолданудың редакциялық саясатына арналған паенльдің модераторы «Чекит-медиа» бас редакторы Асель Сооронбаева өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының технологиялық дамудың әртүрлі кезеңінде тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, Түрікменстан делегациясының белсендірек қатысуы ортақ диалог ауқымының кеңейгенін көрсетті. Тәжірибе алмасу құралдардың артықшылықтарын ғана емес, редакциялар қайталамауға тиіс қателерді байқауға мүмкіндік береді.
Конференция аясында Қырғызстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Тұрсынқұлов Ян Браатумен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты, Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы тәжірибе алмасуды және журналистиканың кәсіби стандарттарын дамытуды талқылады.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлік медиаынтымақтастықтың практикалық тетіктерін дамыту, кәсіби стандарттарды жетілдіру, журналистердің цифрлық қауіпсіздігін нығайту және редакцияларда жасанды интеллектіні қолданудың түсінікті ережелерін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтты. Бішкектегі кездесу технологиялардың жаңалық өндіру жылдамдығын шынымен арттырып, шағын командалардың мүмкіндігін кеңейтетінін, алайда журналистиканың негізгі міндеттерінің ешқайсысын жоймайтынын көрсетті. Фактілерді тексеру, дереккөздерді қорғау, шешімдерді түсіндіру және қоғам алдында жауап беру міндеті бұрынғыдай адамдарға жүктеледі.
Гүлмира Сұлтанбаева
ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілінің сарапшысы
