Америкалық технологиялық алпауыт NVIDIA «Қазақтелеком» АҚ және Firebird AI компаниясымен бірлесіп, Қазақстандағы есептеу инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары туралы хабарлады. Компанияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында NVIDIA негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангтың Астанаға сапарының қорытындысы бойынша тиісті жарияланым шықты.
23 қазанда Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келіп, елдегі жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесінің дамуымен танысты, студенттермен және технологиялық стартаптар өкілдерімен кездесті. NVIDIA ресми жарияланымында NVIDIA технологиялары негізінде есептеу қуаттарын дамыту бағытында «Қазақтелеком» және Firebird AI компанияларымен жүзеге асырылып жатқан ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.
Сондай-ақ компания Firebird AI жергілікті ЖИ-стартаптар мен зерттеушілерді қолдауға арналған Firebird Labs Kazakhstan зертханасын құруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның ішінде есептеу қуаттарына қолжетімділікті қамтамасыз ету де көзделген.
Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан Data Center Valley жобасы. Бұл – энергетикалық қуатын болашақта 1 ГВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылған ауқымды деректерді өңдеу орталықтарының кластері.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Data Center Valley жобасын Дженсен Хуангқа жеке таныстырып, оның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, энергетикалық артықшылықтары және Қазақстанның жоғары өнімді есептеулердің халықаралық орталығына айналу әлеуеті туралы айтып берді.
Жобаның бірінші кезеңіндегі 215 МВт көлеміндегі қуат толықтай резервтелген. Қуаты 50 МВт болатын алғашқы деректер орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Бағдат Мусин өз пікірінде меншікті есептеу инфрақұрылымын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық басымдыққа айналып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде жасанды интеллект саласындағы елдердің бәсекеге қабілеттілігі алгоритмдердің дамуымен ғана емес, меншікті есептеу инфрақұрылымының болуымен де айқындалады. Сондықтан біз Екібастұзда Data Center Valley жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды есептеу ресурстарын тұтынушы елден жасанды интеллектіге арналған қуаттардың әлемдік жеткізушілерінің біріне айналдыру. Біз болашақтың технологиялары Қазақстанға жай ғана келіп қоймай, дәл осы жерде жасалып, дамығанын қалаймыз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
NVIDIA жариялаған материалда «Қазақтелеком» компаниясының Астана мен Алматы қалаларында 400 NVIDIA H200 және 480 NVIDIA B300 графикалық процессорын орналастырғаны да хабарланды. 2027 жылы Data Center Valley аумағында 1000-нан астам GPU, сондай-ақ Екібастұз маңында 1000-нан астам NVIDIA Vera Rubin жеделдеткішін орналастыру жоспарланып отыр.
NVIDIA мәліметінше, Firebird компаниясы Қазақстанға 45 000 NVIDIA Grace Blackwell GPU экспорттауға АҚШ-тың экспорттық лицензиясын алған. Жобаның бірінші кезеңі Data Center Valley аумағында «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Коммерциялық іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Мұндай есептеу қуаттарын дамыту қазақстандық кәсіпорындардың, ғылыми ұйымдардың және әзірлеушілердің заманауи жасанды интеллект технологияларына қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Осылайша, «Қазақтелекомның» халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастығы Қазақстанның цифрлық технологияларды тұтынушы елден жаһандық ЖИ нарығына арналған есептеу инфрақұрылымын жеткізуші елге айналуына бағытталған ауқымды трансформацияның бір бөлігіне айналып отыр.
Коллектив театра имени М. Горького поблагодарил Главу государства за решение о присвоении национального статуса
