Қазақстан мен Қытай шекарасы. «Қорғас» орталығындағы талап өзгереді

163
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Cth8EEWiJHESbibojBXdOIXMwBZK5X1yozPsP7IW.webp

Қазақстан ІІМ «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында қауіпсіздік режимі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды “Адырна”. 

Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Келісімнің негізгі мақсаты – екі елдің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді құқықтық тетігін қалыптастыру.

Құжатқа сәйкес, орталық аумағында құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген немесе айыпталған Қазақстан, Қытай және үшінші мемлекеттердің азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды қудалау әр елдің аумақтық юрисдикциясына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер күдікті немесе айыпталушы орталықтың екінші елге тиесілі бөлігіне өтіп кетсе, сол елдің құзыретті органдары бұл туралы қудалауды жүзеге асырып жатқан тарапқа хабарлауға, тергеу жүргізуге және адамды ұстауға жан-жақты көмек көрсетуге міндетті болады.

Келісімде жаппай тәртіпсіздіктер, террористік актілер және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де жағдайлар кезіндегі бірлескен іс-қимыл тәртібі де көзделген. Мұндай жағдайда екі елдің құзыретті органдары қауіптің алдын алу және оны залалсыздандыру үшін заң аясында қажетті шараларды қабылдайды.

Сонымен қатар құжатта арнайы талап белгіленген. Тиісті тараптың сұрауы немесе рұқсаты болмаса, екінші тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне орталықтың екі елге тиесілі бөліктері арасындағы шекараны кесіп өтуге жол берілмейді. Бұл талап форс-мажорлық жағдайларға теңестірілетін төтенше оқиғалар кезінде де қолданылады.

Заң жобасы 18 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Комментарии