Фотода: Есілдің оң жағалауындағы би кеші. Астана.
Қазақстанда соңғы жылдары белсенді қарттардың саны едәуір артты. Еліміздің ірі қалаларында арнайы орталықтар ашылып, саябақтарда дене шынықтырумен айналысып жүрген аға буын өкілдерін жиі кездестіретін болдық.
Ал әлеуметтік желілерде жасы алпыстан, тіпті жетпістен асқан апа-аталарымыздың бизнес ашып, әлем аралап, экстремалды спорт түрлерін бағындырып жүргеніне куә болып жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық қариялар арасында әдемі қартайғысы келетіндер көбейді. Сол үшін де олар физикалық және ментальды белсенділікті арттырып, өмірлерін барынша қызықты етуге тырысып жүр.
«БИДІҢ АРҚАСЫНДА ДӘРІГЕРГЕ БАРМАЙ КЕТТІМ»
Бұл – Астанадағы арбат. Әр бейсенбі сайын кешкі сағат 5-те елордалық ата-әжелер осы жерге жиналады. Біз көргенде 50-60 қария келіпті. Бір-бірлерін көргеніне балаша қуанып, өзара шүйіркелесіп жатыр. Сәлден соң би кеші басталды. Сахнаға 3 жұп шығып, ескі диско стилінде билей бастады.

Жастары 70-тен асса да бұл кісілердің харизмасы керемет екен. Олар бірдей киім киюді де ұмытпапты. Бір сәт күйбең тірлікті ұмытып, жастық шаққан оралғандай, жанарлары жарқырап, жүздеріне қуаныштан нұрланып шыға келді. Би аяқталғанда көрермендер ду қол шапалақтап, бишілерді шығарып салды.
«Мен ешқашан сахнада билемегенмін. Өмір бойы мектепте жұмыс жасадым, зейнетке шыққанда ішім пысып кетті. Екі жыл бұрын бір кісіден зейнеткерлерге арналған осындай орталық барын естідім. Сосын барып, би үйірмесіне жазылдым. Енді рақаттанып, жұптық биге қатысып жүрмін», - дейді сахнада өнер көрсеткен биші әжей.
Ол бұрын екі аяғы қақсап, талай рет емхананың табалдырығын тоздырған екен. 2 жылдан бері би үйірмесіне келіп жүргеннің арқасында қазір аяғының ауруын ұмытып, дәрігерге баруды да қойыпты.
Әрі қарай нағыз би кеші басталды. Сахнадағы концерт аяқталып, жаппай би басталды. Осы сәтті арбаттағы қарттар да асыға күткен секілді. Барлығы бірдей қызу билей бастады. Шынымды айтайын біз жас болсақ та, ол кісілер секілді билей алмадық.


Аптасына бір рет болатын би кешін ата-әжелер асыға күтеді. Себебі бұл жердің атмосферасы ерекше. Замандастар ортасы мен таныс әуендер келушілердің көңіл күйін көтеріп, энергиясын арттырады. Ал кей апаларымыз би кешіне түрлі стильде киініп келіп, келушілерге эстетикалық ләззат сыйлап жүр.


Би кешіне көрермен ретінде келетіндер де бар. Олар да бұл жердің әдемі атмосферасынан қуат алып, бір шаттанып қайтады. Келушілердің енді бір әдемі сәттерді таспаға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатады.
70 ЖАСТА КӘСІП БАСТАҒАН БЛОГЕР ӘЖЕ
Қазақ әжелері ешқашан өзім үшін деп өмір сүрмеген. Олар үшін басты құндылық – отбасы, бала-шаға. Сол себепті зейнетке шыққаннан кейін де өз өмірлерін немере-шөбереге арнап жатады. Біздің келесі кейіпкеріміз Ізбибі Ізденқызы да 58 жасында зейнетке шыққан соң біраз жылын немере бағуға арнаған. Кейін әлеуметтік желілерді қарап отырып, оған жаңа идея келіпті. Солай Ізбибі әже жаңадан кәсіп ашып, блог жүргізуді қолға алды.

Фотода: Ізбибі Ізденқызы
«Бір қызық іспен айналысып зейнетақыдан басқа қосымша табыс тапқым келді. Қызыммен ақылдасқанда ол маған сондай сабақ сатып әперді. Сол сабақтан кейін қаржылық сауатымды арттырдым. Қазір, әрине, тауып жатқан ақшам өзіме жетеді. Негізі бұл кәсіптегі ақша емес, істің өзі - өмірімді көп өзгертті. Себебі түрлі адамдармен таныстым», - дейді әжей.
Ізбибі әже Ақтау қаласында тұрады. Ол өкпе-бауырдан дайындалатын ұлттық тағамдарды жасап, Ақтау халқына сатады. Онлайн сатылыммен ғана айналыспай, өнімін базарға да жеткізеді. Бүгінде әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны 12 мыңға жеткен. Әжей блогер ретінде бүгінде жан-жақты контент жасап жүр.

Фотода: Ізбибі Ізденқызының әлеуметтік желідегі парақшасы
74 ЖАСЫНДА ПАРАПЛАНМЕН ҰШҚАН ӘЖЕ
Қарттық шақ кей қариялар үшін бала күнгі армандарды іске асыратын керемет кезең. Астаналық 74 жасты Рзакүл Иманғали парапланмен ұшуды қанша қаласа да, «бала-шағаны аяққа тұрғызып алайын» деп бұл арманын жылдар бойы кейінге ысырып келген. Биыл жазда Түркияға арнайы барып, парапланмен ұшты. Сол сәтте қуанышы қойнына сыймаған әжей әуеде қалықтап тұрып, Шәмшінің әнін шырқады. Кейін бұл сәтті ол Instagram желісіне жүктеді.

«Бұл сезімді сөзбен жеткізе алмаймын, оны өз басынан өткізген адам ғана түсіне алады. Арманымның орындалғанына баладай қуандым», – дейді батыл әже.
Рзакүл әжей де әдемі қартайғысы келеді. Өмірінің әрбір күнін қызықты сәттермен өткізгісі келеді. Қазір ол «Әжелер ансамбліне» қатысып жүр.

Фотода: Рзакүл Иманғали қатысатын әжелер ансамблінің мүшелері
СПОРТ ЗАЛҒА КҮНДЕ БАРАТЫН 91 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ
Негізі қарттық шақты белсенді өткізуге адамның жасы да, жағдайы да кедергі бола алмайды. Біздің келесі кейіпкеріміздің жасы 91-де. Роза Жұмабайқызы 2 жылдан бері қарттар үйінде тұрады. Осындағы спорт залға күнде барады екен.
«Мен спортпен жас кезімнен айналысамын. 1954 жылғы Мәскеуде болған дене шынықтыру күнінде мен Қазақстан тобының өкілі болғанмын. Осында және қолға арналған тренажерде күніне бір сағаттай жаттығамын», - дейді Роза әже.

Фотода: Роза Жұмабайқызы
Роза әжей қартайғанда ешкімге масыл болғысы келмейді. Сол үшін өзінің денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Біз оның белтемірде оп-оңай тартылып жатқанын көргенде, жасыратыны жоқ, таңдай қақтық.

Фотода: Роза әжей
«ЙОГА САБАҒЫНА АЙ САЙЫН 200-250 ЗЕЙНЕТКЕР КЕЛЕДІ»
Қазақстандық зейнеткерлер арасында соңғы уақытта йогамен айналысатындар да көбейген. Мысалы, Астана қаласындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы йога сабақтарына айына 200-250 адам келеді екен. Нұсқаушы Эльвира Бөлекбаеваның жасы 57-де. Ол йогамен 8 жылдан бері айналысып келеді екен.

«Өмірімде өзгерістер болды, сол жағдайлардан кейін жаңа дағдылар үйренгім келді. Өмірімнің сүреңсіз болғанын қаламадым. Осы йоганы үйренгім келіп еді, себебі ол адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Адамға йоганы үйренуге өзінен басқа ешкім кедергі жасай алмайды. Бастысы тәртіп пен төзімділік, сонда әркім оған үйрене алады», - дейді Эльвира ханым.

Фотода 57 жастағы Эльвира Бөлекбаева
КЕҢ БАЙТАҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРИЯЛАРЫ
Соңғы жылдары зейнеткерлер арасында қарқынды дамып жатқан мұндай бастамаларға белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының көптеп ашыла бастауы әсер етті. Бұл идея 2018 жылы бастау алған еді. Бастапқыда 3-4 орталық қана болса қазір олардың саны 134-ке жеткен.
Естеріңізде болса, бұл жоба қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын арттыру бағытында ашылған еді. 1991 жылы біздің елде бұл көрсеткіш 67,6 жас болса, биыл орташа жас 76-ға дейін ұзарып, рекордтық деңгейге жетті.
Жалпы Қазақстан халқының 14 пайызын қарттар құрайды. Елімізде жасы 60-тан асқан 3 млн-ға жуық тұрғын бар. Олардың 64 пайызын – әйелдер, 36 пайыз ерлер құрайды.
«ОРТАЛЫҚҚА КЕЙ ҚАРИЯЛАР СЫРЛАСУ ҮШІН КЕЛЕДІ»
Елордада қазіргі уақытта 170 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына олардың 22 мыңы ғана келеді екен. Мамандар бұл көрсеткіштің әлі де аз екенін айтады. Келушілер санын арттыру үшін жарнама мен ақпараттық жұмыстарды кеңінен жасағылары келеді. Бірақ қаражаттың жеткіліксіздігі қолбайлау болып тұр. Байқоңыр ауданындағы орталықтың директоры Роза Қарабекқызының сөзінше, ендігі бар үміт – әлеуметтік желілерде.
«Орталық көптеген әлеуметтік желілерде бар, бүкіл жерде жарнамасы тұр. Бірақ қатысушылардың саны әлі де аз. Шыны керек бізге қариялар көп жағдайда белсендіктің түріне қарамай, басқа қарттармен сөйлесу үшін келеді. Орталықтарда фитнес, қолөнер және би сияқты топтық үйірмелерге көп адам осы себеппен қатысады», - дейді.
Ал белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы үйірмелерге қатысу – тегін. Ол үшін тұрғылықты мекен жай бойынша, өзіңізге жақын орталыққа бар болғаны екі құжат апарып тапсыруыңыз керек:
-
Жеке куәлік (түпнұсқасы);
-
Зейнеткерлік куәлік (түпнұсқасы).
Жалпы Қазақстанда белсенді қартаю – жай ғана уақытша тренд емес, қоғамның даму деңгейін көрсететін маңызды әлеуметтік көрініске айналып келеді. Зейнет жасы – шектеу немесе жалғыздық кезеңі емес, керісінше, адамның өз қалауы мен бала күнгі армандарына уақыт бөлетін жаңа мүмкіндіктер шағы.
Әрине, мұндай орталықтарға әзірге адамдар санының аз келіп жатқаны - бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыстың көп екенін көрсетеді. Дегенмен, би кешіне қатыстып, 90-нан асқанда белтемірге тартылып, 70 жасында бизнес бастап, 74-інде парапланмен ұшқан қарияларымыздың бұл ширақтығына қарап бір нәрсені ұғуға болады. Әдемі қартаю – бұл жыл үстіне жылдың қосылып жатқаны емес, саналы таңдау мен сапалы өмірдің белгісі.
Абылай Өмірәлиев
Путевки на чемпионат мира разыграли в Алматинской области: определены чемпионы Казахстана по тогызкумалаку
