Фото: Almaty TV
Алматыда тауға серуендеуге баратын тұрғындар мен туристер енді сапары туралы алдын ала онлайн хабарлай алады. Бұл үшін Almaty Hike атты жаңа сервис іске қосылды.
Жоба Алматы қаласының Табиғат қорғау прокуратурасы, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдіктің бірлесуімен әзірленген.
Сервистің басты мақсаты – тауға шығатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай кезінде оларды іздеуді жеңілдету. Сонымен қатар платформа арқылы туристер ауа райы мен қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат ала алады.
Алматы қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нұғырбековтің айтуынша, жаңа жүйе құтқару қызметтеріне тауға шыққан адамдар туралы алдын ала мәлімет алуға мүмкіндік береді. Бұл іздестіру жұмыстарын жеделдетіп, оқыс оқиғалар кезінде көмек көрсету уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Almaty Hike платформасында туристер сапар уақытын, баратын бағытын және байланыс нөмірін көрсетуі керек. Тіркелу үшін сайтқа кіруге немесе таулы аймақтарға қатынайтын автобустар мен аялдамалардағы QR-кодты сканерлеуге болады.
Маңыздысы, серуен аяқталған соң платформаға қайта кіріп, таудан аман-есен оралғаныңызды белгілеу қажет. Бұл ақпарат құтқарушыларға туристің сапары аяқталғанын білуге көмектеседі.
В Шыменте впервые проведена операция по установке стент-графта для больного с сердечной недостаточностью
