Қой жүнінен жасалған 500 картина. Қазақ қолөнері халықаралық рекорд ретінде тіркелді

322
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8FnwoHr13fna6478GSq9J4yu8D6PF7g0QEstht00.jpg

Астанада қазақтың ұлттық қолөнерін дәріптеуге арналған шығармашылық жоба халықаралық деңгейде мойындалды. Қой жүнінен жасалған 500 картинадан тұратын коллекция Global Best of Records (GBR) ұйымының сертификатына еніп, әлемдегі ең ірі жинақ ретінде тіркелді.

Халықаралық сертификат 2026 жылғы 29 қазанда берілген. Рекорд иегері ретінде Дәулетжан Едіге, ал коллекция авторы ретінде Ләззат Атыбай көрсетілген. Жетістік этномәдениет және ұлттық дәстүрлер санатына енгізілген.

Жобаны Астана қаласындағы С. Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі, Ұлттық дизайн академиясының академигі Ләззат Атыбай бастаған. Оның бастамасы кейін «Өнермен өрілген Қазақстан: киізбен жазылған тарих» атты республикалық шығармашылық жобаға ұласқан.

29 қазанда Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткен таныстырылымда Қазақстанның әр өңірінен келген ұстаздар мен шеберлердің жұмыстары ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмеге қойылған картиналардың жалпы саны 750-ден асқан. Ал халықаралық рекордқа 500 туынды ұсынылған.

Жұмыстарда қазақ даласының табиғаты, тарихи орындар, ұлттық ою-өрнектер мен халықтың тұрмыс-тіршілігі бейнеленген.

Жобаның ерекше туындыларының бірі – көлемі 7×4 метр болатын Қазақстан картасы. Оны Ләззат Атыбай шәкірттерімен бірге бес ай бойы дайындаған. Картаны жасауға 10–15 келі жүн жұмсалып, дайын бұйымның салмағы 25–30 келіге жеткен.

Айта кетейік, Global Best of Records ұйымының сертификаты Гиннестің рекордтар кітабына қатысы жоқ және ұйымның жеке тіркеу жүйесіне жатады. Ұйымның орталығы Біріккен Араб Әмірліктерінің Шаржа қаласында орналасқан.

Жоба ұлттық қолөнерді жаңғыртып, киіз басу дәстүрін жас ұрпаққа үйретуге бағытталған. Сонымен қатар ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегі арқылы қазақ мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік берді.

Комментарии