Қазақстанға Испаниядан тағы бір әскери ұшақ жеткізілді

169
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/I0Ss9PxltDjevjinNawCkpyUNGMJh1JhfZofVAAt.webp

Испаниядан Қазақстанның әуе қорғанысы күштеріне екінші ауыр әскери-көлік Airbus A400M Atlas ұшағы жеткізілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жаңа әуе кемесі еліміздің әскери-көлік авиациясының мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. 

A400M ұшақтары әскери міндеттерді орындаумен қатар, төтенше жағдайлардың салдарын жою, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек жеткізу үшін де қолданылады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери-көлік авиациясын пайдаланудың тағы бір маңызды бағыты – қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз ету.

«Мұндай санаттағы ұшақтардың болуы ұлттық бітімгерлік контингентті өз күшімізбен тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді», – деп хабарлады ведомство.

Жаңа авиациялық техниканы басқару және оған қызмет көрсету үшін қазақстандық экипаждар мен инженерлік-техникалық мамандар арнайы даярлықтан өтті. Олар Испанияның Севилья қаласындағы Airbus оқу орталығында теориялық және практикалық курстарды аяқтап, ұшақты басқару, пайдалану және техникалық қызмет көрсету дағдыларын меңгерді.

Airbus A400M – ауыр әскери техниканы алыс қашықтыққа тасымалдауға арналған ұшақ. Оның ерекшелігі – қысқа әрі арнайы жабын төселмеген ұшу-қону жолақтарына қону мүмкіндігі. Қазіргі уақытта бұл үлгідегі әуе кемелері Қазақстан, Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембургтің қарулы күштерінде қолданылады.

Еске салайық, Қазақстанның Әуе қорғанысы күштеріне арналған алғашқы Airbus A400M ұшағы 2024 жылдың соңында жеткізілген.

Комментарии