Жетісуда өзеннен трос арқылы өтпек болған ер адам суға ағып кетті (ВИДЕО)

1530
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/photo-output-24-960x500.jpeg?token=c0aa6e41e562f5d7f43d410c5ecb9af9

Жетісу облысы Кербұлақ ауданында Көксу өзенінен трос арқылы өтпек болған ер адам ағысқа түсіп, із-түссіз жоғалған. Оқыс оқиға 10 мамырда болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Н. есімді азаматтың жоғалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер, құтқарушылар, басқа да мекеме өкілдері мен қарапайым тұрғындардан құралған топ ауқымды іздестіру шараларын ұйымдастырды. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр»,– деп түсіндірді Жетісу облыстық полициясы.

Облыстық ТЖД мәліметінше, жоғалған азамат 1989 жылы туған. 11 мамыр күні таңғы 06:30-дан бастап ТЖД, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар, полиция, әскери полиция және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қатысқан ауқымды іздеу жұмыстары ұйымдастырылған. Барлығы 98 адам мен 22 техника бірлігі, соның ішінде жүзу құралдары, дрондар және спутниктік байланыс құралдары жұмылдырылған.

«Іздеу жұмыстары Көксу өзенінің бойымен ұзындығы 35 шақырымға дейінгі аумақта 8 топпен жүргізілді (оң жағалау бойымен 4 топ, сол жағалау бойымен 4 топ). 11 мамырда кешкі 18:30-да қараңғы түсуіне байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды. Іздеу бүгін, яғни 12 мамыр күні қайта жалғасты»,– делінген хабарламада.

<
Комментарии