Ұлытаудағы ауыл қымыз өндірісімен көпке танылды

1084
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qgQHIrjwUHxPDMph3mAVxAGHNj7YN4r5LmDzIqP0.jpg

Ұлытау облысындағы Шәбден Ералиев ауылының тұрғындары қымыздан көл-көсір пайда тауып отыр. Елді мекендегі 265 үй түгел бие байлайды. Осының нәтижесінде елдің ырысы артып, Қазақстандағы үздік 30 ауылдың қатарына кірген.

Ежелден балдай қымызымен танылған Жаңаарқа даласында жылқының саны 100 мыңға жуықтайды. Соның бестен бір бөлігі осы Ералиев ауылына тиесілі. Мұндағы әр шаңырақ кем дегенде бір үйір бие байлайды. Көктемде, әсіресе, күзге салым шөп піскенде қымыз саудасы қызады.

«Осы көшеде кезінде жалғыз-ақ айғыр болады екен, 20-30 үйде бір бие, екі биеден болады екен. Қазір енді үй басы 2,3, 4 үйірден, 5 үйірден, одан да көп тіршілік қып отырған азаматтар бар. Азық қылады, сатады. Осыдан амандық болса қазанның біріне дейін қымыз сауады»,—дейді ауыл тұрғыны Шубай Нұржанбаев.

Берден Жұмабаев қазірдің өзінде күніне 100 литр қымыз сатып отыр. Ол 30 жылдан бері осы жылқы шаруашылығымен айналысады.

«Әсіресе Жаңаарқа ауданында Жеңіс пен Ералиев, Ақтүбек совхоздары жақсы жылқыны байлайды. Бұл жақта бие байламайтын үй болмайды. Жан-жаққа қымыз өткіземіз. Өзіміздің үйренген тұтынушыларымыз бар»,—дейді ол.

Ауыл тұрғындары қымыз сату үшін алысқа бармайды. Тапсырыс беріп, үйден алып кететін тұтынушылар қатары көп. Одан қалды іргеден теміржол желісі мен Қарағанды – Жезқазған трассасы өтеді.

"Қымызың дәмді болса, жарнаманың да қажеті жоқ. Тобылғымен май жайып ыстаймыз. Құйған сайын 100-ден пісеміз. Кешке жатарда мың пісеміз, таңертең мың пісеміз. Сосын мұздатып отырамыз. Сонда қымыз балдай тәтті болады",-дейді ауыл тұрғыны Шолпан Сабырбаева.

Мал шаруашылығының машақаты көп. Дегенмен, Ералиев тұрғындары ата кәсіптен қол үзбек емес. Керісінше, қымыз саудасы қызған сайын бірінен бірі асып бие байлауға көшкен. Осының нәтижесінде тұрмысы түзеліп, 2021 жылы Ералиев ауылы Қазақстандағы үздік 30 ауылдың қатарына кірді. 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда бүгінде бірде-бір жұмыссыз тіркелмеген.

Yorumlar
Diğer Haberler