Абайдың «Қара сөздері» ортақ түркі әліпбиі негізінде жарық көрді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясы ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай бірқатар маңызды еңбектердің тұсауын кесті.
Алматыда өткен халықаралық конференция барысында алғаш рет 1954 жылы Бакуде кирилл қарпімен басылып, содан бері қайта жарияланбаған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы екі кітабы («Абай») әзербайжан тіліне қазіргі латын әліпбиімен аударылып басылды.
Сондай-ақ, қазақ абайтанушысы Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың мұрагерлері» еңбегі түрік тіліне аударылып оқырманға жол тартты.
"Абай мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі өркениетіне ортақ құндылық. Академияның жаңа басылымдары ұлы ойшылға деген құрметпен қатар, түркі әлеміндегі мәдени бірлік пен сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам", - деді Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев.
Шараға Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қүрішбаев бейнеүндеу жолдап, құттықтауын білдірді.
Айта кетсек, Түркі әлемінің ортақ әліпбиі комиссиясы 34 әріптен тұратын үлгі ұсынған болатын.
Сондай-ақ, жуырда түркі халықтарының тарихына арналған екі томдық жинақ жарық көрмек. Алғашқы томда география, саяси және этникалық тарих қамтылса, екінші кітап мәдениетке арналады.