Дегелеңнің түлегі. Балалар әдебиетінің бәйтерегі

940
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VsAxscX0B6rebEpHMmD6LMgNR4sKPOc35f6WNCGP.jpg

Бүгін — қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы, шоқантанушы Сапарғали Бегалиннің туған күні. Биыл көрнекті тұлғаның туғанына 130 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сапарғали Ысқақұлы 1895 жылы бүгінгі Абай облысы, Абыралы өлкесіндегі Дегелең тауының бөктерінде өмірге келген. Совет кезінде Дегелеңнің ядролық қару жаратын сынақ алаңына айналғаны белгілі.

Бала Сапарғали алғаш ауыл молдасынан оқып хат таныған. 1913 жылы Семей қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түсіп, білім алған. Жасында жыршылардан терме, салт жырларын, айтыс өлеңдерін жатқа алған. Соның әсерімен шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған.

Оның "Қазақ қыз-бозбалалары" деген тұңғыш өлеңі 1914 жылы "Айқап" журналында басылған. 

1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. 1929-1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб басқармасында жауапты жұмыстар атқарды. 1935-1960 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған.

Алғашқы кітабы «Қыран кегі» 1944 жылы жарыққа шықты. 1948 жылы басылған «Көксегеннің көргендері» повесі артынан орыс тіліне аударылған. 50-60 жылдары «Жас бұтақ», «Ермектің алмасы», «Бақыт», «Жеткіншектер», «Ананың күші», «Мектеп түлектері» әңгімелер жинақтары, өлеңдер мен поэмалар жинағы «Сырлы қайнар», «Цимлян теңізі», «Көтерілген тың» шыққан.

Жазушы Шоқан Уәлихановтың бейнесін жасауда көп жұмыс істеген, нәтижесі — «Шоқанның балалық шағы», «Шоқан асулары» повестері, «Замана белестері» романы жарық көрді. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап жинақ етіп шығарды, өнер саңлақтары жөнінде, жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне аударылған. С. Бегалин А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Д. Мамин-Сибиряктың, Н. Лесковтың және тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

"Қыран кегі" (1943) "Цимлян теңізі" (1953) "Таңдамалы" (1956), "Сырлы қайнар" (1963) т.б. өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрген. Сонымен қатар балаларға арналған прозалық шығармалар, "Замана белестері" атты роман (1975 ж) жазған. Қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, зерттеу саласында  ұзақ жылдар   еңбек еткен.

Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» (2 рет) ордендерімен және медальдармен марапатталған. Бүгінде Алматыдағы балалар кітапханасы Сапарғали Бегалин есімімен аталады.

Yorumlar
Diğer Haberler